«Шерифтер» ел алдына шықты

Өткен жылдың соңғы кеңейтілген аппараттық жиынында қала әкімі Асқар Ыдырысов қаламыздағы учаскелік инспекторлардың ел алдында есеп беру керектігін қадап айтқан еді. Жергілікті полиция қызметінің басшылығы бұл «бұйрықты» мүлтіксіз орындады. Уақыт созып жатпай, жаңа жыл демалысынан кейінгі алғашқы жұмыс аптасын осы есеп беру кездесуден бастап кетті. Сөйтіп, сенбіде №1 учаскелік полиция бекетінің «шерифтері» елдің алдына бірінші болып шығып, есеп берді.

Қаланың «төменгі» деп аталатын бөлігін қалалықтар өзара «Манхэттен» деп атайды да. Өйткені, бұл аймақ қаланың алғашқы қазығы қағылған сонау елуінші жылдардың басында салынған екі қабатты ағаш үйлер мен үш қабатты блок үйлерден тұратын, гараждары мен аулалары тығыз орналасқан аймақ. Оның үстіне бұл жер саяжайлармен де шектесіп жатады. Сондықтан да болар, «төменгінің», тәртібі де «төмендеу». Ұрлық-қарлық, төбелес дегендеріңіз күнде демесек те жиі болып тұрады. Міне, осы аймақтың қоғамдық тәртібін сақтап, қылмыстың алдын алу шараларын жүргізетін №1 учаскелік полиция бекетінің инспекторлары арқалаған жүктің салмағы айтпаса да түсінікті. Бірақ, солай екен деп қол қусырып отыруға да болмайды. Есеп беру кездесуде учаскелік полиция инспекторы Думан Кәрім осы бағытта атқарылған жұмыстарды саралап шықты. Тәртіп сақшылары мен тұрғындардың есеп беру жиындарында кездесу тәжірибесі құқық қорғау органдарының міндеттерінің бірі болып табылады. Сондықтан, бүгінгі кездесуді қордаланған мәселелерді бірлесіп шешу жиыны деп атауға да болады дей келіп, аймақ «шерифі» ақтарыла сөйледі. Кездесу барысында полиция қызметкері тұрғындарға өздерінің аумақтарындағы жедел жағдайды хабарлап, қазіргі таңда тергеліп жатқан қылмыстық істер мен құқық бұзушылықтары жайында жеткізді. Сонымен қатар, олардың алдын алуға бағытталған қандай іс-шаралардың қолға алынып жатқандығын сөз етті.
«Төменгі» аймақтың тұрғындары өз кезегінде тәртіп сақшыларына тұрмыстық жағдайда және аулаларда орын алатын құқық бұзушылықтардың, сонымен қатар, гараж ұрлығының алдын алуға бағытталған бірлескен іс-шараларды тиімді жүргізуге өз ұсыныстарын білдірді. Әрине, инспекторлардың жұмысына көңіл толмаушылықтар да айтылмай қалған жоқ. Түрлі тәртіпсіздіктер орын алған жағдайда тірек бекетіне қоңырау шалып, жауап ала алмайтындықтарын, инспекторлардың шақыруға уақытылы келмейтінін, түн тыныштығын бұзатын бұзақыларды уақытылы ауыздықтамайтынын айтып шағымданған тұрғындарға уәкілетті орган қызметкерлері өз уәждерін айтып, ақталып бақты. №1 учаскелік полиция бекетіне қарайтын аймақтың аумағы үлкен. Оған саяжайларды қосу керек. Мұның сыртында түзету орындарынан босап келгендер мен есепте тұрған «тұрақты клиенттер» бар. Осылардың бәрін бірер адам қалай аралап шықпақ, – дейді полиция қызметкері.
Есеп беру жиыны өзара түсіністікпен тоқайласып, мұндай кездесулердің алда әлі талай болатындығын айтқан уәдемен тарқасты.

Комментарии закрыты.