Рақымшылық туралы Заң күшіне енді

2016 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің жиырма бес жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы Қазақстан Республикасының Заңы шықты. Аталған Заң алғашқы ресми жарияланған күн, яғни 14.12.2016 жылдан бастап қолданысқа енгiзiлдi.

«Рақымшылық жасау туралы» Заңға сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар жасаған адамдар жазадан босатылады.

Ауырлығы орташа қылмыстар үшiн сотталған адамдар:
1) кәмелетке толмағандар;
2) жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған балалары немесе мүгедек балалары бар әйелдер, сондай-ақ, кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын ер адамдар;
3) I, ІІ және IIІ топтардағы мүгедектер;
4) елу жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс жастағы және ол жастан асқан ер адамдар;
5) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар;
6) әскери және (немесе) интернационалдық борышын орындау кезiнде қаза тапқан әскери қызметшiлердiң жесiрлерi, сондай-ақ, күйеулерi соғыс мүгедектерi және оларға теңестiрiлген адамдар болып табылатын әйелдер жазадан босатылады.

Ауырлығы орташа қылмыстар үшiн сотталған:
1) бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазасын өтеп жатқан және пробациялық бақылаудағы;
2) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 63-бабы қолданыла отырып, сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза тағайындалған адамдар жазадан босатылады деп көрсетілген.
Осы заңға сәйкес, ауырлығы орташа қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға жазасының өтелмеген бөлігі айыппұлға не бас бостандығын шектеуге ауыстыру көзделген.
Рақымшылық жасау туралы Заңның 6 бабына сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар бойынша барлық қылмыстық iстер және соттар қарамаған істер бойынша іс жүргізу тоқтатылсын деп көрсетілген.
Кәмелетке толмағандарға; жүкті әйелдерге, кәмелетке толмаған балалары немесе мүгедек балалары бар әйелдерге, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын, ата-ана құқықтарынан айырылмаған ер адамдарға; I, ІІ және IIІ топтардағы мүгедектерге; елу жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс жастағы және ол жастан асқан ер адамдарға; Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және оларға теңестірілген адамдарға; әскери және (немесе) интернационалдық борышын орындау кезiнде қаза тапқан әскери қызметшiлердiң жесiрлерiне, сондай-ақ күйеулерi соғыс мүгедектерi және оларға теңестiрiлген адамдар болып табылатын әйелдерге қатысты ауырлығы орташа қылмыстар бойынша барлық қылмыстық iстер және соттар қарамаған істер бойынша іс жүргізу тоқтатылу қажет.

Атап көрсетсек, осы жоғарыдағы көрсетілген санаттағы сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан және сотта қаралып жатқан қылмыстық істер тоқтатылуы керек.

Осы Заңңың 5 бабына сәйкес, кәмелетке толмағанның он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанға қатысты жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасаған жағдайын қоспағанда, кәмелетке толмағандарға осындай қылмыстар жасаған адамдарға; террористік қылмыстар жасаған адамдарға; экстремистік қылмыстар жасаған адамдарға; азаптаулар жасаған адамдарға; қылмыстардың қайталануы немесе қауiптi қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға; өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылған, сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айыру тағайындалған адамдарға; бұрын рақымшылық жасау немесе кешiрiм жасау қолданылған, қайтадан қасақана қылмыстар жасаған адамдарға; қылмыстық топтар құрамында қылмыстар жасағаны үшін сотталған адамдарға; егер қылмыстардың бiріне осы Заңның күші қолданылмайтын болса, қылмыстар жиынтығы болған жағдайда; рақымшылық жасау қолданылмайды деп көрсетілген.

Бұлармен қоса, осы Заңды іске асыру жөніндегі шаралар ҚР Үкіметі және облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың жергілікті атқарушы органдарына жүктелген.

Рақымшылық туралы Заңды қылмыстық процесті жүргiзетін органдар және жергілікті соттар қолданысқа енгiзiлген күннен бастап алты ай iшiнде оның орындалуын қамтамасыз ету міндетті.

М. Әбікенов, Сәтбаев қаласы прокуратурасының прокуроры 1 сыныпты заңгер.

Комментарии закрыты.