Сізден де бір сөз болсын, оқырман

Әсте, қазақтан асқан данышпан халық жоқ-ау. Бәрін біліп, бәрін болжап қойған. Тіпті, оның теңеуін де келістіріп айтып кеткен. Мәселен, «Туған ай – тураған етпен тең» дейді қазақ. Қалай дәл айтылған. Елдің Жаңа жыл деп жарапазандап, у-шу болып тойлағандары кеше ғана сияқты еді. Көзді ашып-жұмғанша айдың да ортасынан асып кетіппіз. Ал, мұны қазақы болжаммен айтар болсақ, өлараны да көктеп өтіппіз…

Мұны неге айтып отыр дерсіз. Шаруа баққан қазақ өлара түнгі айдың қалай туғанына баса назар аударған. Егер ай жайлы болса, тұтас ай солай өтеді деп топшылаған. Шүкір, айымыз ашыққа туды. Бір жыл бойы елді дүрбелеңге салған қызыл белдеу мен сары белдеулер алынып тасталды. Енді еркін тыныстап, еркін тойлауыңа болады, қазақ. Бірақ, солай екен деп қауіпсіздікті де ұмыт қалдыруға болмас. Мұндайда ең бастысы елдің ауызбірлігі, ынтымағы керек. Екіншіден, дуалы ауызды қарттарымыздың аталы сөзі мен, ақыл-кеңестері қажет. Әсіресе өскелең ұрпаққа оның тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Үшіншіден, адасқан жанға жол сілтер қазақы қағидаларымыз бен салт-дәстүрлеріміз әр үйдің төрінен берік орын алғаны жөн-ақ. Ал, бұл орайда өздеріңіздің төл басылымыңыз, етжақын мінберіңіз – “Шарайна” газеті ағайынның іштей ұйысқан, үнсіз ұғысқан жан тынысын, елдің аталы сөзін, ердің өрелі ісін айтып, жар сала жеткізуге дайын. Тым асқақ айтты демеңіздер, біздің өңірде “Шарайна” – ұлттың намысы, жігерге жігер қосар ұйтқысы, біле білгенге алтын діңгекті мінбері! Керемет кесімді ой, кесек пікір айтпасақ та елдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүргенімізді оқырмандарымыз жоққа шығармас. Ал, ондай жандар жоқ емес. Бүгінде екі мыңнан асып жығылады. Солардың арасында өзіміздің төлтума газетіміз деп өзгеге еңсесін түсіртпей, тар жерде тұқыртпай қасқая тұрар жанашыр жампоздарымыз да бар. Әрине, «мал аласы сыртында, адам аласы ішінде». «Газеттер тек биліктің ғана шашпауын көтеріп жүр. Елдің айтқанын айта алмайды», деп өкпелері қара қазандай болып жүргендер де жоқ емес. Бірақ, әңгіме ол жайлы емес. Әңгіме оқырманның газетпен байланысы жайлы болмақ. Осы орайда біз де сіздерге «өкпе» артпақпыз, ағайын. Ұлдың ой бағатын, қыздың ар бағатын кезінде сәтін салып сырласуға, ыңғайын тауып ойласуға лайық қара шаңырақтарыңыз – «Шарайналарыңызбен» байланысыңыз мардымсыз болып тұр. Біз сіздерден ұшпу хатты ұдайы күтіп отырамыз. Басқаны былай қойғанда, газетте көтерілген кейбір мәселелерге үн қосып, ой айтар деп алаңдаумен келеміз. Өкінішке орай, дәл осы тұста біздің жайбасарлығымыз, «сен тимесең мен тимен» әрекетіміз менмұндалап «айқайлап» тұрады. Осындайда, «аға» халықтың ақтарыла жөнелетін белсенділігіне еріксіз қызығасың.
Біз де солардан үйренейік. Бірдеңе демесе ішкен асы сіңбейтін кейбір ағайынға да, барша жанашырымызға да біздің айтарымыз: газеттің тірегі – оқырман. Ендеше, сіздерден де бір сөз болсын. Ой қосыңыздар, пікір айтыңыздар. Жарияланған дүниені талқылаңыздар.

Ізтай Бейсенбаев, «Шарайна» газетінің бас редакторы.

Комментарии закрыты.