Алаштың арыстарын ардақтады

Мамырдың 31-күні Даңқ алаңында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған митинг өтті. Митингке қала әкімі Советбек Медебаев, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, қалалық мәслихаттың хатшысы Серік Имамбай, қала жұршылығы мен  ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері, жазықсыз жазаланғандар мен олардың ұрпақтары қатысты.

Алғаш болып қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева сөз алды: – Қазақтың «қаймағын да, қаспағын да» қырған зұлмат жылдар талай шаңырақты ортасына түсіріп, ойран етті. Ендігі жас ұрпақ сол есіл ерлердің есімдерін ардақ тұтуы керек.

Жиналғандар құрбан болған жандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан кейін «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, қуғын-сүргін жылдары қазақ еліне жер аударылғандардың ұрпақтарының атынан денсаулық сақтау саласының зейнеткері Тамара Алиева, Б.Балқыбайұлы атындағы орталық мешіттің наиб имамы Ержігіт Досымбаев сөз алып, бұл күннің тарихта қаншалықты маңызды екеніне тоқталды.

Қазақ зиялыларының портретін ұстап ортаға шыққан №7 орта мектептің үгіт-насихат тобы олардың өмірінен, азапты шақта туған өлең жолдарынан үзінділер оқыды.

Митинг соңында жиналғандарға шелпек нан таратылды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.