Қанатыңды кең серпі!

Жексенбі күні Алматыда «Универсиада-2017» байрақты бәсекесі басталады. Осынау додаға еліміздің намысын қорғайды деген үкілі үміткерлеріміз қатысуда. Соларға сәттілік тілеп, қолдау көрсету мақсатында қаламыздағы №15 жалпы орта білім беретін мектепте «Универсиада-2017 – Қанатыңды кең серпі!» деген атпен айшықты шара болып өтті.

Бұл шараға мектептің мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Іс-шараның басты мақсаты оқушыларға әлемдік деңгейдегі спорт сайысы туралы мәлімет беру, салауатты өмір салтын насихаттау болды.

Айшықты шаралар барысында мектептің бастауыш сынып оқушылары арасында «Биік самға, жас сұңқар!» тақырыбында сынып сағаттары өткізілсе, 9-11 сынып оқушылары арасында жаппай шаңғы тебу жарысы ұйымдастырылды. Оқушылар барлық іс-шараларға белсене атсалысып, қызығушылық танытты.

Мектеп оқушыларының болашақта осындай әлемдік деңгейдегі сайыстарға қатысып, ел намысын асқақтатуға деген үміттері зор.
– Универсиада – әлемдік деңгейдегі дода. Осынау байрақты бәсекеге ел намысын қорғап қатысып жатқан қазақстандық спортшыларға сәттілік тілеймін. Болашақта біз де Универсиадаға қатысушысы боламыз деп сенемін, – дейді 8 «А» сынып оқушысы Әсел Қайыр.

Г.Окетаева, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Комментарии закрыты.