Уақытша тіркеу мәселесі сөз болды

Өткен аптада Сәтбаев қаласы әкімі жанындағы қоғамдық кеңестің жаңа жылдағы бірінші отырысы болып өтті. Отырысты қоғамдық кеңестің төрағасы Марал Мәдиева ашып, жүргізіп отырды. Жиынның күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Оның бірі бүгінде елді елеңдеткен уақытша тіркеу мәселесіне арналды.

Қала әкімінің міндетін атқарушы Болатбек Жақсыбаев қатысқан қоғамдық кеңес отырысы бүгінде күрделі мәселеге айналып отырған қаланың коммуналдық саласына жаңа технологиялар енгізу мақсатында келген «ЕврАзияИнвест» концернінің жаңа жобасын таныстырудан басталды. Мұнда концерн мамандары қоғамдық кеңес мүшелері мен қалалық коммуналдық шаруашылық саласы мамандарының алдында хабарлама жасап, өздерінің жаңа жобаларын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Бұған дейін «Қазақмыс» корпорациясының құрамында болған жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны өткен жылы қаланың коммуналдық меншігіне өткен болатын. Алайда, ұзақ жылдан бері мардымды жөндеу көрмеген кәсіпорынның су мен жылу желілері қазір толықтай ауыстыруды қажет етеді. Тұрғындарға берілетін жылуда ысырап көп. Сондықтан, кәсіпорынды толықтай жаңғырту қажет. Осы орайда концерн ұсынған жоба біздің оңтайымызға келіп-ақ тұр. Мейманның айтуынша, олардың құбырларының қызмет ету мерзімі он жылдан артық көрінеді. Оның үстіне жаңа жобада озық технологиялардың не бір түрі бар. Тіпті, ақау кететін жердің өзін автоматты қондырғы алдын-ала біліп отыратын сыңайлы.

Қысқасы, жаңа жоба қоғамдық кеңес мүшелеріне ұнады. Ал, оның техникалық-сараптамалық жағын зерделеп, зерттеу арнайы құрылатын жұмыс комиссиясының құзырында қалды. Әңгіменің ұзын ырғасынан ұққанымыз, жаңа технологияны енгізетін инвестор да табылып тұрғанға ұқсайды. Алайда, соңғы сөзді арнайы мамандар айтпақ.

Көңілге жылылық ұялатқан осындай әсерлі әңгімеден кейін қоғамдық кеңестің отырысы күн тәртібіндегі мәселеге ойысты. Онда қалалық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы М.Сүлейменов пен қалалық ішкі істер бөлімінің көші-қон қызметі басшысы Б.Кененбаев бүгінгі күнгі өзекті мәселенің тағы бірі – уақытша тіркеудің тәртібі мен жай-жапсары туралы баяндады.

Олардың айтуынша, қалада үргін-сүргін мен келеңсіздіктер жоқ. Жаңа талапты түсінген тұрғындар халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, тіркелуде. Тіркелушілерге сапалы қызмет көрсетудің де жолдары қарастырылған. Ұзын-сонар кезек болып кетпес үшін көші-қон бөліміне қосымша қызметкерлер де бөлініпті. Мұның сыртында электрондық тіркеу қызметінің де пилоттық жобасы іске қосылған.
Қоғамдық кеңес мүшелері күн тәртібіндегі мәселеге орай өздерін толғандырған сауалдарды қойып, елдің арасында тыныштықты қамтамасыз ету үшін жаңа талапты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ширату қажеттігін айтты.

Алғашқы отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша М.Мәдиева кеңес мүшелерін кеңестің үстіміздегі жылғы жұмыс жоспарымен таныстырып, оған толықтырулар енгізілді.

Комментарии закрыты.