Балалықтың бал шағы

Балалық шақ –  адам өмірінің қайталанбас, жайдарлы, ең бақытты шағы. Бүгінгі жас ұрпақ бақытты балалықтың құшағында ер жетіп, білім алуда. Бүлдіршіндердің мерекесі қалада, Жезқазған кентінде және Весовая елді-мекенінде жоғарғы деңгейде аталып өтілді.

Балаларды қорғау күніне арналған мереке Кеншілер алаңында  концерттік бағдарламамен ашылды. Сәтбаев даңғылының бойында  «Бақытты әлемде – бақытты балалар», Гурба көшесінде «Мир, в котором я живу»   атты  сурет салу сайыстары, «Көңілді жарыстар» спорттық ойындар, шахматтан, дойбыдан жарыстар өтті.

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында балалар үшін тегін фильм көрсетілді.

Білім, денешынықтыру және спорт бөлімі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастыруымен  «Ғажайыптар әлемінде» театрландырылған қойылымы көрсетілді.  Балаларға ертегілер елінен келген кейіпкерлер  көріністер қойып, алаңға жиналған балаларды шат-шадыман етті. Тетрландырылған көріністен кейін мерекелік іс-шара ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен осы мерекеге арналған қалалық «Еркетай» – ең кішкентай таланттар фестиваліне ұласты. Қаланың барлық балабақшасының тәрбиеленушілері қатысқан фестивальде әр ұлттың әсем әндері шырқалып,   би биленді.

Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Гүлсім Есмұрзаева фестиваль соңында мерекеге қатысқан барлық өнерпаз балғындарға арнайы дипломдар тапсырып, жұмсақ  ойыншықтар  сыйлады.

Балғындар мерекесі түс ауғанша әр түрлі ойындармен жалғасты.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.