Ақылына көркі сай

Өткен айдың соңғы күндерінде Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мен мамыр айында тойланған Отбасы күніне арналып «Қазақ келіні – 2011» қалалық байқауы өткізілді. Сәтбаев қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен өткен байқаудың негізгі мақсаты – қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүрлерін жаңғырту, мемлекеттік тілді дамыту, қазіргі заманға сай салауатты өмір салтын меңгеру және мәдениеттілікке тәрбиелеу болды.

Келін болып босаға аттау – үлкен қуаныш, зор мәртебе. Мұнымен қоса, жас келінге жүктелер міндет те аз емес. Шындығын айтсақ, келінге қайын ата мен қайын ененің көңілінен шығып, олардың «қас-қабағын бағудың» өзін былай қойғанда, сол әулеттегі абысындарымен тіл табысып, ең алдымен ағайындардың арасындағы тату-тәтті жарасымдылыққа ұйытқы болу, тіпті бір әулеттің ғана емес, ұлт ұрпағын тәрбиелеу міндеті де жүктелген. Міне, сондықтан да ата-бабаларымыз ежелден келінді ұрпақ жалғастырушы жан ретінде бағалап қана қоймай, оны сол әулеттің ырысы, құт-берекесі, ұлт болашағының ұйытқысы ретінде қабылдаған.

Міне, осындай ардақты да абзал тоғыз келіншек түскен бұл сайысты келесідей құрамдағы қазылар алқасы бағалады: қазылар алқасының төрайымы, ардақты ана, үй тірлігі мен билікті қоса атқарып жүрген, әйелдер істері және отбасылық саясат жөніндегі қалалық комиссияның төрайымы, Сәтбаев қаласы әкімінің орынбасары М.С.Мәдиева; «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев; Сәтбаев қалалық мәслихат аппаратының басшысы, Сәтбаев қалалық әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссиясының орынбасары Қ.Махамбетова; Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, ұлағатты ата, ақын М.Тілеуов және Сәтбаев қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ш.Жанасылова.

Сайыс әр қатысушының бейне-слайд арқылы өздерін таныстыруынан басталды. Содан соң кезек сұрақ-жауап бөліміне жетті. Мұнда келіндерге «Күйеу табаққа, қыздар табағына, келіндер табағына, құда табаққа қандай мүшелер салынады?», «Ірімшік, айран көже, уыз қалай дайындалады?», «Қойыртпақ деген не?», «Қаймақтың қандай түрлері бар?» секілді сұрақтар қойылды. Барлық сайыскерлер бұл сұрақтарға мүлтіксіз жауап берді.

«Өнерлі өрге жетер» бөлімінде жас келіншектер көрермендерге өз өнерлерін көрсетсе, «Қол өнері – зор өнер» бөлімінде келіндер қолдары бос кезінде айналысатын қол өнерлерінің үлгісін көрсетті. Ең соңғы «Тез, әрі дәмді» бөлімінде келіндер берілген санаулы азық-түліктен ас әзірледі.

Келіндердің барлық өнерлерін тамашалап, қазылар алқасы ақылдасып болған соң, марапаттау рәсіміне де кезек жетті. Сайыстың қорытындысы бойынша бас жүлдені ақылына көркі сай Гульвира Касимова жеңіп алды. І орынды – Жазира Бекілдекова, ІІ орынды – Әсем Болманова, ал, ІІІ орынды Арайлым Сағынтаева иеленді. Қалған сайыскерлер «Сымбатты келін», «Көрермен көзайымы», «Өнерлі келін» т.б. номинациялар бойынша марапатталды. Барлық келіндерге бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.