Алақай, күйеулер келе жатыр!

– Алақай, қытайдан күйеулер келе жатыр. Арзан дүниеге қарық болатын болдық, – деді қолынан ұялы телефоны түспейтін менің жүгірмегім телефонына шұқшиған күйі жерден жеті қоян тапқандай айқайлап.
– Көтек, күйеулері несі? Әлгі ауылдағы Тезекбай қайнымның кәмерсент күйеу баласы ма? – деді апам қолындағы кесесін шайқап отырып.
– Ту-у, әже-ай. Сен де айтасың. Ол күйеу балаларың қытай емес, өзіміздің қазақ қой. Кәдімгі албан.
– Қайдан білейін. Сендер емес пе осы, қит етсе «қытай күйеу» дейтін.
Апамның «Тезекбай қайным» деп отырғаны ауылдағы Боқпай көкем. Өзінше сыпайылап атаған түрі. Ал, «кәмерсент күйеуі» – Саудабай. Әкелері сонау алпысыншы жылдары қытайдан келген ағайын болатын. Өзі де қытай, Түркістан барып, тауар таситын. Апам соны айтып отыр. Ал, менің жүгірмегімнің айтып отырғаны басқа сияқты.
– Қайдағы қытай күйеулер келе жатқан, түсіндіріп айтсаңшы, – дедім мен де ежіктеп.
– Қытайдан деп отыр емеспін бе.
– Оларды кім шақырыпты?
– Астанадағы неке агенттігінің төрайымы қытайдағы бойдақтар клубымен байланыс орнатып, қыруар ақшаға келісім жасапты. «Қазақстанда бойдақ қыздар мен келіншектер көп. Таңда да тақияңмен ұрып ал» деген көрінеді.
– Не дейді, сұмдық-ау. Сонда біздің қыздарды базардан қаз алғандай алып кете бермек пе? Оған қыздарымыз көне қояр ма екен? – деп көкем әңгімеге араласып, қопаңдап еді, біздің жүгірмек бірден «мат» қойды.
– Сіздің «намысқой» қыздарыңыз қоғадай жапырылып жатыр. Қазірдің өзінде агенттікке арыз жазып, «менімен бірінші таныссын» деп таласып жатқан көрінеді.
– Астағфиралла. «Естімеген елде көп» деген осы-ау. Баяғыда соғыста ер азаматтар опат болып, елде еркек атаулы емге табылмай қалған жылдарда да қалың қатын ауылдағы азғана еркекті қыл үстінде бөліп алып, үйлі-баранды болып едік. Сонда да басқа елден бай іздеп бас қатырған ешкім болған жоқ. Мына заман не болып барады, – деді апам күңіреніп. Ұлым жай отырмай:
– Әжем қит етсе болды Сталиннің заманын айта бастайды, – дей беріп еді, көкем дүрсе қоя берді.
– Әй, Стәлінге тиіспе. Егер Стәлін тұрса мұның бірі де болмас еді. Ешкім мемлекеттің қаржысын ұрлап қашпас та еді. Бәріңді стенге қоятын еді бәлем. Сол Стәлін Маомен қыл өтпестей дос болды. Қазақта қыздың көп екенін білмеді деймісің солар. Қалың қытайды шақырса қайда қалды сонда. О несі-ей, адамның ит жынын ұстатып, – деді де, бір шымшым насыбайды ерінге тастай беріп шалқасынан түсті. Бұл ашуланған түрі.
Шал мен кемпір енді біразға дейін бізбен сөйлеспей қояды. Өзімізге белгілі жайт. Осыны пайдаланып мен ұлды әңгімеге тарттым.
– Не деп жатыр андағы телефоның? Шынымен келетін болған ба? Кімдер келмек сонда? – деген сұрақтарды қоянның көжегіндей құлақтан суырып қойып жатырмын. Жүгірмектің білмейтіні жердің астында да жоқ шығар. Зулатып жатыр. Ұққанымның ұзын ырғасы мынадай.
Елордадағы бір агенттік бойдақ қыздарға «лайықты кандидат» тауып, онымен кездестіруге уәде беретінін мақтанышпен жар салып жатқан көрінеді. Мұны естіген Бейжіңдегі элиталық «Бойдақтар клубы» Астанаға некелесу мақсатында келе жатыр деген хабарлама қанша күннен бері ғаламторда жүр екен. Олардың сұраныстары да сұрапыл, танысатын қыз 18 бен 40 жас аралығындағы, бұған дейін тұрмысқа шықпаған, балалары жоқ, бар болса 16 жастан аспаған болуы керек. Ұлты маңызды емес.
Агенттіктің де қызметі тегін емес. Қытай­лықтың етегінен ұстату құны – 25 мың теңге көрінеді. Ең қызығы, осы агенттік ашылғалы бері тіркелгендер жетіп артылады. Арасында өзіміздің қаракөздеріміз де жеткілікті екен. Агенттіктегілер қыздарды бай қытайлықпен таныстырып, аяқ асты байлыққа кенелтіп тастамақ. Ұсынатын қытай күйеулер кілең «элита», табысы жылына 90 мың доллар деп, елді қызықтырып қойған.
– Намыс жоқ сендерде! «Қазақ жылқы мінезді» деп кеуде соққанда әйдіксіңдер. Бірақ, бірің де біздің ақжал айғыр құрлы емессіңдер. Ол ақсақ байталын да сыртқа шығарар ма екен?! Өй, ез немелер. Айтып отырған әңгімелерін қарашы, – деді көкем іргеге қарай аунап түсіп.
Біз ұлымыз екеуміз күмілжіп төмен қарай бердік…

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.