АТАБЕК және ОТА ҰЖЫМЫ

Қолына қандауыр ұстап, көптің көңілінде қалған бірнеше қазақты білемін. Марқұм Еңбек Орынғалиев пен Әбдірахман Досановты дүркін-дүркін еске алғанды талай көрдім. Медициналық-санитарлық бөлімде болған қос Серік: Нысамбаев пен Орал кімнен кем? Медорталықта ота бөлімін басқаратын Сағат Қожасов пен орталық ауруханадағы Боранбай Әбенов ше?

Кейінгі кезде жастар арасынан жарқырай көрінгені Атабек Диметов. Бүгінгі әңгіме алғыс арқалаған осы азамат пен кеншілер қаласындағы орталық ауруханада ол басқаратын ота ұжымы туралы.

Түркістанның түлегі орта мектепті «Алтын белгімен» аяқтады. Қ.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін үздік бітірді. Шымқала ауруханасының «Жедел жәрдем» стансасы базасында «Жалпы хирургиядан» екі жыл интернатурадан өтті.
Еңбек жолын 2004 жылы кеншілер қаласындағы №1 орталық ауруханада дәрігер-оташы болып бастады. Ота жасауда теориялық және тәжірибелік дағдысын жетілдіріп отырды, жаңа технологияны енгізуге ұмтылды. Кейінгі бес-алты жылда Астана мен Алматыда, Санкт-Петербургте біліктілігін көтеріп қайтты.
«Жалпы хирургия», «Сәулелі диагностика», «Кардиология», «Трансфузиология» саласынан сертификаты бар. 2009 жылдан бері «Жалпы хирургиядан» бірінші санатты дәрігер. «Жылдың үздік оташысы» атанып, қала әкімінің атаулы сыйлығын иеленген. Ең басты көрсеткіш — айыққан адам мен үзілмеген өмір. Ол осылай ойлайды.
2011 жылдың 1 сәуірінен ота бөлімшесін басқарады.
Жалпы Атабек жөнінде жылы лебізді бұрын да естіп жүретінмін. Бұдан бес жылдай бұрын бетпе-бет кездестім. «Бетпе-бет» дегенім бергі жағы, шындығында елемей жүрген сырқатым оңдырмай ұстап, ота бөлімшесінен бір-ақ шығарған. Сонда Атабектің арқасында «о дүниеге» өтіп кетпей, босағасынан сығалап қайтқанмын.
Жас ұлғайғасын болмайды екен. Ескірген автокөлік сияқтысың: бір бөлшегін бүтіндеп жатсаң, тағы бір торабы кетіп, итіңді шығарады. Автокөліктің де, адамның да ұзақ «жасауының» жалғыз жолы — күтім! Ал, адамның табиғатын түсіну қиын: дәрігердің айтқан бар ақыл-кеңесі айыққан ауруымен бірге ауруханада қалады. Былтыр күзде мен де сөйткем. Соның салдарынан таяуда тағы түстім.
Бұл жолы ота жасауға көзімді жеткізді, қысқасы көндірді. Атабектің қолы жеңіл екен. Ота өте сәтті өтті. Тура бір тәулікте тұрып кеттім. Қазір айтуға оңай, әйтпесе қаншама адам табанынан таусылып, тік тұрып қызмет көрсетті?! «Бәрі басшыға байланысты» деген тәмсіл тура Атабек басқаратын ота ұжымына арнап айтылғандай көрінді маған.
«Темірдей тәртіп» — табылған теңеу емесін түсініп отырмын. Одан көрі кәнігі кәсібилік пен адами қасиет жұптасқан жүйеге ұқсайды. Ұжымдағы әр қызметкер тұлға тұғырына көтерілген. Мәселе лауазымда емес, шырқыраған жанына шипа іздеген әр сырқаттың алдындағы абырой-беделде. Ол қалтқысыз қызметпен келеді. Төсек тартып жатқан санаулы күнде соған көзің айқын жетеді.
«Орда бұзар» отызда аурухана директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып үлгерген Фарух Рахматуллаев уақытының басым бөлігін осында өткізеді. Оның сөзінің өзі — дертке дауа. Ал, дәрігер-оташы Мирас Жанқоразовпен қалай танысқаным еске түссе, езуіме еріксіз күлкі оралады.
Күзде «системаның» астында жатқанмын. «Аға, қыздардың қолы тимей жатыр» деген жап-жас жігіт асай-мұсайды жинап алды. «Практикантсың ба?» дедім, қарап жатпай. «Кезекші дәрігермін» деді, жайбарақат. Сөйтсем, келгеніне санаулы ай ғана болған Қарағанды медакадемиясының түлегі екен. Кеше сырттай қарап отырып әжептәуір ысылып қалғанын аңғардым.
Әр ұжымда беткеұстар біреу болады. Мен осы салаға әрқайсысы ширек ғасырдан астам ғұмырын арнаған қос аға медбибі: бөлімшедегі Айнұр Өткелбаева мен отаблоктағы Гүлмира Мырзабаеваны сондайдың сойына жатқыздым. Расында, бұл ұжымда ол екеуі араласпайтын шаруа жоқ. Араласса, аяғы оң нәтижемен аяқталады.
Тағы бір «құпия» ашқым келіп отыр. Бұрын күнде қан-жын көріп жүрген медбике аяушылықтан ада адамдай көрінетін. Ота бөлімшесіне қатысты ондай пікірім енді түбегейлі өзгерді. Оған ықпал еткен осы салада әрқайсысының отыз бір жылдық еңбек өтілі бар Раушан Назарбекова мен Маргарита Фадеева. Тіпті колледжден кейін келгеніне әлі жыл толмаған Әсем Ахмединаның өзі егуді епті игеріп алған.
Күні бойы тыным таппаса да, еңбегі тасада қала беретін «санитарка» деген санаулы қызметкер бар. Бірақ, соның беделі басқадан сорлы емес. Жара таңудан алдына жан салмайтын Әшкен Смағұлова, езуінен күлкі арылмайтын Шолпан Смайлова, мол «пішілген» денесіне сай көңілі көлдей Ғалия Күшәлиева, аңқылдаған Ақмарал Бегалина сондай десем, қателеспеймін.
Атабек пен оның ұжымы жөнінде айтпағым осы еді.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.