Жүзден жүйрік шықты

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Алматы қаласында жыл сайын балалар мен жасөспірімдер арасында «Жырлайды жүрек» атты республикалық байқау өтеді.

«Ғұмырдария» орталығының мұрындық болуымен биыл тоғызыншы мәрте ұйымдастырылған бұл байқауға біздің кенді қаладан Оқушылар сарайының «Жас тілші» үйірмесінің тәрбиеленушісі, №4 Абай атындағы мектеп-лицейдің 11 сынып оқушысы Сәбина Лесова қатысып, «Көркем сөз» аталымы бойынша бас жүлдемен оралды.
Ақынның өлеңдеріне жазылған әндер мен өлеңдерін жатқа оқудан сынға түскендердің қатарынан Сәбина қала намысын қолдан бермей, жүзден жүйрік шықты.
– Мен бұл байқауда Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді және «Өкінбеймін» өлеңін жатқа оқыдым. «Көркем сөз» аталымының өзінде қырыққа жуық қатысушы бақ сынады. Елімізге танымал ақын-жазушылар әр үміткердің шығарманы орындау мәнеріне, сахнадағы жүріс-тұрысына, киім киісіне ерекше мән берді. Байқауда бас бәйгені қанжығалап келуіме Оқушылар сарайы «Жас тілші» үйірмесінің жетекшісі Бағдат Қазкеновтың көп септігі тиді. Сондай-ақ, байқауға қатысуға мол мүмкіндік берген қала басшысы Асқар Абылайұлы Ыдырысовқа, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлешке, ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Жайлаубаевқа және №4 Абай атындағы мектеп-лицей ұжымына айтар алғысым шексіз, – дейді Сәбина.

(Өз тілшіміз).

Комментарии закрыты.