Еңбек ұжымымен кездесті

Елбасы саясатын, еліміз ұстанып отырған басты бағыт-бағдарды халыққа жеткізуші үгіт-насихат тобы сейсенбі күні №1 қалалық ауруханада болып қайтты. Ұжыммен жүздескен ақпараттық топ мүшелері Президенттің «Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға» Жолдауын әңгіме өзегіне айналдырды. Алғашқы болып сөз алған қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің бастығы Ұ.Үсенов Елбасы Жолдауының, «Жол картасының» шеңберінде қаламызда атқарылған жұмыстарға тоқталды. – Елбасының биылғы Жолдауы әлемді жайлаған экономикалық дағдарыспен күресуді, ол бойынша нақты шаралар мен міндеттерді толық қамтыды. «Дағдарыстан қазақ елі шыңдалған, айбатты мемлекет болып шығуы тиіс. Барлық қиындықты еңсеруге мүмкіндігіміз мол» деген болатын Нұрсұлтан Әбішұлы. Бүгінде Жолдауда қойылған міндеттер бірте-бірте жүзеге асып, нақты жетістіктерді де көріп отырмыз. Әсіресе «Жол картасы» бойынша қаламызда ауыз толтырып айтарлық істер атқарылды, – деді Ұ.Үсенов. – Содан соң баяндамашы «Жол картасы» бойынша Қарағанды облысына 12 миллиардтай қаржы бөлініп, оның 480 миллиондайы біздің қаламызға тиесілі болғанын айтып өтті. Жалпы бағдарлама аясында он әлеуметтік маңызы зор нысан күрделі және ағымдағы жөндеуден өткенін жеткізді. Әрбір мекемеде жасалынған жұмыс көлеміне, жұмсалған қаржыға, еңбекпен қамтылған азаматтар санына да тоқталды. Қаладағы абаттандыру, көріктендіру шараларының орындалысын баяндады. Жақындап қалған қыс маусымына дайындық мәселесін де назардан тыс қалдырмай, қала қысқа сақадай сай екенін мәлімдеді. Келесі кезекте топ мүшесі, Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі М.Мурзакеева жалпы әлемде болған дағдарыстар тарихын, қазіргі болып жатқанның Қазақстанға тиген салқынын сөз етті. Әлемде бұрын-соңды орын алған дағдарыстар қалай еңсерілгенін айтып өткен ол бұл тұрғыда Елбасының дағдарысты жеңуге бағытталған шаралары жайлы мәліметтерді ортаға салды. Баяндамашы еліміздің алдында тұрған біртөбе міндеттерді қадап-қадап айтып берді. Ақпараттық топ мүшелері елімізде дағдарысқа қарамастан жүргізіліп жатқан халықты әлеуметтік қолдау, жұмыссыз қалғандарды қайта даярлау, «Жол картасы» аясында жұмыспен қамту сияқты игі шараларды алға тартып, Қазақстан өтпелі кезеңнен қайыспай өтуде деп сендірді. Өз кезегінде жүздесуге қатысушы мамандар да ой-пікірлерін жеткізіп, меймандарға сұрақтар қойды. А.Құлашова.

Комментарии закрыты.