Елтаңба, Ту, Әнұран Қалықтай бер, көк қыран

Сан ғасырлар бабаларымыз аңсап өткен Тәуелсіздікке биыл – 20 жыл. Жиырма жылдың ішінде Қазақстан беделі биік, тұғыры тұрақты елге айналды. 1992 жылы қазақ елінің өз алдына дербес Әнұраны, Елтаңбасы, Туы бекітілді. Аса құрметпен қарайтын нышандарымыздың қабылданғанына биыл 19 жыл толды.

Сенбі күні қала әкімдігінің алдында жиналған «Жас Отан»  жастар қанатының белсенді мүшелері мен «Жасыл ел» еңбек жасақтарының мүшелері қаланың басты көшелері – Сәтбаев даңғылы, Абай, Ұлытау көшелері мен Тәуелсіздік даңғылының, Ерден көшесінің бойында мемлекеттік Туды көтерген автошеруге қатысты. Жастар сонымен қатар, нышандарымыз жайлы  жазылған парақшалар таратып, 4 маусым – Қазақстан Республикасының рәміздерінің күні екенінен ақпарат берді.

– Бүгін біз еліміз үшін аса маңызды мереке – Тәуелсіздігіміздің  20 жылдығы қарсаңында ел рәміздерінің қабылданған күніне орай өтіп отырған автошеруге қатысып отырмыз. Жастардың бойында рәміздерге деген құрмет пен ізетті қалыптастыру мақсатында өткізіліп отырған бұл шерудің маңызы ерекше, – дейді №15 орта мектептің оқушысы, «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшесі Гүлзат Әлиева.

Қаланың жасы мен жасамысы кешкілік Кеншілер алаңында Қазақстан Республикасының Рәміздері күніне арналған мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалады. Абай атындағы №4 мектеп-лицейдің оқушыларынан құралған үгіт-насихат тобы ел Тәуелсіздігі жайлы, рәміздеріміз жайлы өлең жолдарын оқып, әндер орындады.  Одан кейін, «Жасыл ел» еңбек жасағының жасақшылары салтанатты түрде Туды алып шықса, Сәкен Сейфуллин атындағы гимназияның оқушылары Елтаңбамыз бейнеленген қиындылардан Елтаңбаны құрастырды. Салтанатпен сап түзеген жиналғандар оң қолдарын жүрек тұсына қойып, Әнұранды орындады. Жергілікті өнерпаздар мен  жиналғандар «Атамекен» әнін шырқады. Рәміздерімізді ұлықтау мақсатында өткен концерттік бағдарламада көптеген патриоттық   әндер орындалды.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.