Балаларды қуантты

Халықаралық балаларды қорғау күні Жезқазған кентіндегі  «Балалық шақ» отбасы түріндегі балалар үйінде «Әлемді балалардың шат-күлкісі толтырсын» атты мерекелік іс-шара өтті. Оған Сәтбаев қаласының әкімі С.Медебаев, қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай, қала әкімінің орынбасары М.Мәдиева, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, Жезқазған поселкесінің әкімі Е.Құсайынов, «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Қазақмыс» корпорациясы филиалының Жезқазған қаласы бойынша өкілі Б.Жақсыбаев және басқа да мекеме басшылары қатысты.

Барлық келген қонақтар балаларды мерекелерімен құттықтап, өздерімен бірге алып келген сыйлықтарын табыс етті. Ал тәрбиеленушілер болса рахметін айтып, ризашылығын ән-бимен жеткізді. Балалар үйінің әнші балапандары «Трубочист», «Страна чудес» әндерін орындаса,  «Айран-кефир» көңілді тапқырлар командасы  барлық қонақтарды шат-күлкіге орады.

Балалар үшін ең үлкен сый – «Балалық шақ» балалар үйінің бұрынғы басшысы, барлық балалардың анасы Ф.Ыдырысованың келуі болды. Өз аналарын көрген балалардың көңіл-күйлері босап, көздеріне жас келді. Фатима Ыдырысқызы көптеген сыйлықтар мен тәттілерін таратып, балаларды бір қуантты.

Кеш соңында қонақтарға балалар үйінің басшысы Ә.Әбенов  шын жүректен алғысын айтты. Балалар хоры орындаған «Подари улыбку миру» атты өлеңмен мерекелік кеш аяқталды.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.