Жаңғырған ескі дәстүр

2017 жылдан бастап мектеп бітірушілер білімінің қорытынды бағасы мемлекеттік емтихандармен анықталады. ҰБТ-ны түлектер ЖОО-на түсетін кезде ғана тапсырады. Кезекті реформа туралы егжей-тегжейлі Қарағанды облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Бақытгүл Әдекенова айтып берді.

– Бүгінгі күні 11 сынып оқушылары мен олардың ата-аналарын алаңдатып отырған басты сұрақ «Біз ҰБТ тапсырамыз ба?».
– «Білім туралы» Заңға енген өзгерістерге сәйкес, Ұлттық бірыңғай тестілеу жоғарғы оқу орнына түсуге арналып таңдалған емтихан формаларының бірі болады. Орта мектеп курсының қорытынды бағасын түлектер қорытынды аттестаттау бойынша алады.
– Қорытынды аттестаттау деген не және ол қалай өтеді? Сол туралы түсіндірсеңіз.
– Қорытынды аттестаттау 5 пәннен мемлекеттік емтихан тапсыру формасында өтеді, оның 4 – міндетті, 1 – таңдау бойынша. Бұл емтихандарды барлық түлек тапсырады. Емтихандардың түрлі формалары қарастырылған: ауызша, жазбаша, тестілеу. Көрсетілген форматта қорытынды емтихандар тапсыру түлектердің біліктері мен дағдыларын тексеруге және жекелеген пәндер мен сұрақтарды жаттаудан аулақ болуға мүмкіндік береді. Мысалы, ана тілінен эссе жазу қарастырылса, алгебра және анализ бастамаларынан бақылау жұмысы өткізіледі, Қазақстан тарихынан ауызша жауап қарастырылған. Орыс мектептеріндегі қазақ тілінен және қазақ мектептеріндегі орыс тілінен, сонымен қатар, таңдау пәнінен тестілеу өткізу қарастырылған.
– Қорытынды аттестаттау қайда өтеді және оны кім ұйымдастырады?
– Мемлекеттік емтиханды түлектер мектептерде тапсырады. Ұйымдастыруға жауапкершілік мектептік, аудандық, қалалық және облыстық комиссияларға жүктеледі.
– Емтихан материалдарын дайындауға кім жауапты болады?
– Қорытынды аттестаттаудың барлық материалдарын ҚР Білім және ғылым Министрлігі құрастырады. Әрі қарай білім басқармаларына жіберіледі, білім басқармаларынан қалалық және аудандық білім бөлімдеріне таратылады.
– Қанша оқушының мемлекеттік бітіру емтихандарын тапсыратыны белгілі болды?
– Алдын ала деректер бойынша ағымдағы жылы облыс мектептерін 7058 түлек бітіреді. «Алтын белгі» төсбелгісіне – 281 адам, үздік аттестатқа 150 адам үміткер. Осы оқушының барлығы қорытынды аттестаттан өтуі керек.
– «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлер өз білімдерін мемлекеттік емтиханда дәлелдей ме немесе ҰБТ-да дәлелдей ме?
– «Алтын белгі» төсбелгісі қорытынды аттестаттауда 5-тік баға алған түлектерге беріледі. ҰБТ-да бұл мәртебені дәлелдеудің қажеті жоқ. «Алтын белгі» төсбелгісі иегерлерінің тізімін мектеп директоры бұйрықпен бекітеді.
– Егер түлек қорытынды аттестаттау тапсыру кезінде ауырып қалған болса?..
– Ондай жағдайда ол емтиханды емделіп шыққан соң тапсырады.
– Қорытынды аттестаттау тапсырудан босатылатын түлектер категориясы бар ма?
– Білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің типтік үлгі ережесіне сәйкес, мемлекеттік емтихандардан денсаулық жағдайына байланысты, бірінші, екінші топ мүгедектері, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар, жазғы оқу-жаттығу жиындарына қатысушылар, халықаралық олимпиадаларға (жарыстарға) қатысу үшін Қазақстан Республикасының құрама командасына үміткерлер босатылады.
– Мемлекеттік емтихандар қай аралықта өтеді?
– Қорытынды аттестаттаудың нақты мерзімі Министрліктің «2016 — 2017 оқу жылының аяқталуы туралы» бұйрығымен айқындалады. Шамамен 2017 жылдың 29 мамырынан 9 маусым аралығында.
– Енді ҰБТ тапсыру туралы айтып беріңізші.
– Тағы да ескертіп айтамын, Ұлттық бірыңғай тестілеуді жоғарғы оқу орындарына түсуге ниет білдірген түлектер ғана тапсырады. Бірінші блок – математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығы, екінші блок – екі бейіндік пән. Тапсыру спецификасы да өзгеріске ұшырады. Абитуриенттерді математикалық сауаттылықтан 20 тапсырма, оқу сауаттылығынан 20 тапсырма және бейіндік пәндерден 40 тапсырма күтіп тұр. ҰБТ 120 тапсырмадан тұрады. Шекті балл 50 өзгеріссіз қалады. Тестілеуге қатысуға өтініш 10 наурыз – 10 мамыр аралығында ҰБТ өтетін пункттер арқылы жүзеге асады. Тестілеу 20 маусым – 1 шілде аралығында 15 ҰБТӨП базасында өтеді. ҰБТ-ны алғашқы мүмкіндіктен тапсыра алмағандар үшін ағымдағы жылдың тамызы мен 2018 жылдың қаңтар айларында ақылы түрде қайта тапсыру мүмкіндігі болатынын айта кеткен жөн.

Өз тілшіміз.

Комментарии закрыты.