Үштілділік білім беру тәжірибе жүзінде

Бүгінде үштілділікті қолдануға жан-жақты күш салынуда. Осыған орай, С.Сейфуллин атындағы гимназияда» «Үштілділік білім беру – бәсекеге қабілетті тұлғаны дамытудың факторы»  (білім мазмұнын жаңарту жағдайында пәндерді үш тілде оқыту тәжірибесінен және НЗМ тәжірибесін трансляциялау)»  тақырыбында Шығармашылық күн өтті. 

Шығармашылық күнге Сәтбаев қаласынан және Ұлытау ауданы Жезді кентінен 118 мұғалім, қалалық білім бөлімінің әдіскерлері, мектеп басшылары қатысты. Шығармашылық күн үш блоктан тұрды. Бірінші блокта НЗМ тәжірибесін трансляциялау бойынша гимназия директоры Г.Сүйінжанова, директордың тәрбие жұмысы бойынша орынбасары А.Сеилова және қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Г.Сембетова семинарлар өткізді. Сонымен қатар, гимназия мұғалімдерінің «Ағылшын тілін үйренеміз» атты үйірмесінің сабағын жас маман А.Мұқан жүргізсе, ағылшын тілінің мұғалімі «Ағылшын тілі сабақтарында АКТ-ны қолдану» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді. Дене шынықтыру мұғалімі И.Овчаренконың «Бірге болайық, тату болайық» тақырыбында өткізілген спорттық мереке көпшіліктің көңілінен шықты. Бастауыш сынып мұғалімі Г.Әжібаева өткізген «Отбасы – бақыт мекені» тақырыбындағы үш тілдегі танымдық ойын оқушы, ата-ана, мұғалім ынтымақтастығының көрінісін паш етті.
Екінші блокта жара­тылыстану-ма­те­ма­ти­­калық бағыттағы пән­дерді оқытатын мұғалімдер А.Софинов, А.Нұрғазинова, А.Бар­манбекова, А.Каримбаева сабақтарында терминдерді ағылшын тілінде беріп, оқушылардың ағылшын тілінде сөйлеуіне жағдай жасады. Бұл мұғалімдер КАТЕV ұйымдастырған курста оқып, ағылшын тілін үйренуде. Бастауыш сынып мұғалімі З.Гилемханова 2-сыныпта орыс тілінен, Ш.Баймагамбетова оқу орыс тілінде жүргізілетін 10-сыныпта қазақ тілінен сабақ берді. Білікті ұстаз, химия пәнінің мұғалімі К.Байсалбаеваның 8 «А» сыныбында жүргізген сабағы оқушылардың жаратылыстану-ғылыми сауаттылығын дамытуға бағытталды.
Шығармашылық күннің үшінші блогында гимназияның оқу жоспарының вариативті бөліктерінің сабақтары өтті. «Ағылшынша үйрен, ән сал» курсы мен 3-сыныптың орыс тілі біріктіріліп «Қыс ызғары көңілді» тақырыбында әдеби-музыкалық сабақ (А.Галиуллина, Е.Главатских) өтсе, география мен денешынықтыру біріктіріліп «Туристік соқпақтар» тақырыбында (Р.Закиуллина) іс-шара өтті. Гимназияның инновацияларының бірі – «Scratch бағдарламасы» курсы бойынша өткен сабақта информатика мұғалімінің жетекшілігімен 7-сынып оқушылары анимациялық «Ойын» жасады. Осы кезеңде технологиядан (Е.Башпаев), экономикадан (З.Уразалинова), «Ағылшынша тіл дамыту» курсынан (М.Байкісі) ашық сабақтар өткізілді. Сондай-ақ, бірнеше сыныптан тыс іс-шаралар өтті.
Шығармашылық күн «Жас тілші» үйірмесінің оқушылары дайындаған репортажбен қорытындыланды. Журналистік зерттеу үштілділік тақырыбын қамтып, ата-аналар мен келген қонақтардың пікірін ортаға салды. Оқушылар өздерінің бір күндік жұмысымен таныстырып, бейнебаян көрсетті. Осы күні іс-шараларға қатысқан мұғалімдер ең соңында өз әсерлерімен бөлісті. Олар гимназия мұғалімдері мен оқушыларының үш тілді игерудегі талабын, әкімшіліктің осы мәселені қисынды ұйымдастыруын және өткізілген іс-шаралардың қала педагогтеріне берерінің мол екенін айтты.

Г.Сембетова, С.Сейфуллин атындағы гимназия мұғалімі.

Комментарии закрыты.