Сайлаушылармен кездесті

Қаламызда Сәтбаев қалалық мәслихаты депутаттарының сайлаушылар алдындағы есептері жалғасын табуда. Жуырда №3 сайлау округінің депутаты Иманбай Бралин №3 мектепте, №6 сайлау округінің депутаты Тоғызбай Тәжбенов №4 мектепте өз сайлаушыларымен кездесті. Депутаттармен бірге осы кездесулерге қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчук, мәслихат аппаратының басшысы Қарлығаш Махамбетова қатысты.

Халық қалаулылары сайлаушылар алдында өздеріне жүктелген міндеттері мен 2016 жылы атқарған депутаттық жұмыстары жайлы баяндап берді. Мәслихат хатшысы Татьяна Хмилярчук депутаттық корпустың жергілікті атқарушы билікпен бірлесе атқарып жатқан істері мен кеншілер қаласында 2017 жылға арналған жоспарлар, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы бағдарламалар жайында айтып берді.
Кездесулерде тұрғындар өздерін мазалайтын мәселелер – қаланы абаттандыру, тазалау, жарықтандыру және жолдардың жағдайы жөнінде сұрақтар қойды. Депутаттар осы мәселелер жөнінде сөз қозғап, оларды атқарушы билік алдында көтеретіндерін жеткізді.

М.Әбішев.

Комментарии закрыты.