Бәрі де ел мүддесі үшін

Өткен аптада «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаевтың төрағалық етуімен партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібінде бірінші кезекте тұтынатын тауарлар бағасының қымбаттамауына партиялық бақылау орнату туралы мәселе қойылды.

Отырысқа Сәтбаев қаласы бойынша салық басқармасы бастығының орынбасары Н.Абдолла, ҚР АШМ АОК МИК Сәтбаев қалалық аумақтық инспекциясының бастығы Ү.Айтбаев, әкім аппараты ауылшаруашылық және ветеринария бөлімінің бастығы А.Әбілқасымов, кәсіпкерлік бөлімінің, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мамандары және жеке кәсіпкерлер қатыстырылды.

Жоғарыда аталған күн тәртібіне сай Ж.Дәрібаев партиялық бақылау комиссиясының ішінен құрылған екі жұмылдыру топтарының осы мезгілге дейінгі атқарған жұмыстарына есеп беруді сұрады.

Осы бойынша партиялық бақылау комиссиясының төрайымы А.Төлендинаның ақпараты тыңдалды.

–    Халықтың негізгі пайдаланатын тауарлары бағасының көтерілмеуін қадағалау мақсатында комиссия мүшелері қаладағы бірнеше дүкендерді аралап шықты. Тексеріс кезінде «Елдос» дүкенінің ішіндегі ЖК Шевченконың қантты 240 теңгеден, ЖК Молдабекованың күрішті 120 теңгеден, макарон өнімдерін 110 теңгеден сатып тұрғандығы анықталды. Жазғы маусым туса да, сүт өнімдерінің қымбатқа сатылып жатқанын көрдік. «Кооператор» сауда орнында ЖК Әбдікамалова да қантты 240 теңгеден сатқан. «Айгөлек», «Анкара» дүкенінде де қант пен сүт өнімдерінде қымбатшылық бар. Сондай-ақ, ет сататын дүкендерде санитарлық нормалардың сақталмауы анықталды, – деді Айгүл Қосманқызы.

Бұл ақпаратқа қатысты Ү.Айтбаев, А.Әбілқасымов, Н.Кенжеғұлов шығып түсініктеме берді.

–    Бағаны шегінен шығармауға ықпал етуіміз керек, әрине. Бірақ, қала бойынша 400-ге тарта сауда нүктелері бар, ал бақылаушылар аз, сондықтан қай жағынан болсын қадағалау қиынға түсетіні рас, – деп қиналды сөйлеушілер.

Ал, «Кооператорда» жалға берудің өте қымбат екенін, қыста жылуға, жазда тоңазытқышқа, жарыққа қосымша ақша төлейтіндерін айтқан жеке кәсіпкерлер дүкен иесімен және көтерме саудамен айналысатындармен де жұмыс істесеңіздер екен деген шағым-ұсыныстарын жеткізді.

Жиналыс төрағасы Ж.Дәрібаев келесі отырысқа кәсіпкерлер қауымдастығының төрағаларын да шақыртып, осы мәселені көтеруді және олармен арада меморандум болуы керек деген  ұсыныс айтты.

Комиссия мүшелері бірауыздан кәсіпкерлер арасында түсінік шараларын жүргізу, жұмылдыру топтарының жұмысын күшейту, бағаны келісіп көтеруге тоқтау жасау жөнінде тиісті қаулы қабылдады.

М.Жаппасбаева, ПБК мүшесі.

Комментарии закрыты.