Өз ісінің майталмандары

Кеніштегі жұмыстың ырғақты жүруі тек кеншілердің ғана емес, ондағы қосалқы қызмет көрсету орталықтарының мамандарына да тікелей байланысты. Өйткені, забойлардағы түрлі техникалар мен құрылғылардың бәрі, тіпті, желдеткіштер мен су желілерінің тоқтаусыз жұмыс істеуіне сол орталықтар жауапты…

Оңтүстік Жезқазған кенішіне қатысты №65 шахтаның 30-шы горизонтында орналасқан электровоз депосы осындай маңызды саланың бірінен саналады. Өйткені, мұндағы кен таситын электровоздардың кідіріссіз жүруін қамтамасыз ету осы депоның жұмыскерлеріне жүктелген. Жуырда біз осы депоның бір учаскесін басқарып отырған азамат Арнат Хамитовқа жолыққан едік.
Өзінен гөрі өзімен бірге шыңырдауда шыңдалған жігіттер жайлы көбірек сөз қозғаған Арнат бізге ағынан жарылды.
– «Электровоз» деп аты айтып тұрғандай, мұндағы шойын жолмен жүретіндер жоғары кернеулі тоқ қуатымен қозғалады. Сондықтан, оларға электрослесарьлар сервистік қызмет көрсетеді. Ол – біздің жігіттер.
Біздің учаскеде 7 электровоз тоқтаусыз кен тасуда жүрсе, 2 электровоз «шаруашылықта» жүр. Жігіттер осы техникалардың ақауларын жөндеп, уақытылы сапқа қосып отырады, – дейді Арнат марқайып.
«Сапқа қосып отырады» деу айтуға ғана жеңіл. Әйтпесе оның да өзіндік қиындықтары жетіп артылады. Күнделікті ұсақ-түйек ақауларды айтпағанда электровоздың электрқозғалтқыштарын ауыстыратын да жағдайлар жиі болып тұрады. Әр ауысым соңында машинистер техниканың сыр берген тұстарын тізіп жазып кетеді. Ендігі жұмыс слесарьлардың мойнында. Келесі жұмыс ауысымына шыққанша техниканы сақадай сай әзірлеп қою керек.
Учаске бастығының айтуына қарағанда, мұнда 22 адам еңбек етеді екен. Олар 4 ауысымға бөлініп, 4-5 жігіттен бірігіп жұмыс істейді. Слесарьларға барлық жағдай жасалған. Депо талапқа сай жабдықталып, техникаларды сапалы жөндеп, сапқа қоюына мүмкіндік мол.
Жұмыстың сапалы орындалуы слесарьлардың білігі мен біліміне байланысты ғой. Учаскеде бұл жағы да ескерілген. Мұндағы жігіттердің қай-қайсы болмасын өз ісінің шынайы майталманы. Алды отыз жылдан артық жұмыс істеген тәжірибелері мықты мамандар. Мәселен, Юрий Фоменко, Қайыржан Әйтімбаев, Сергей Мециев сынды слесарьлар ұжымның ұйытқысы. Олар осы салада отыз жылға жуық еңбек еткен жандар. Бүгінде олар кейінгі буынды үйретіп, өз істеріне машықтандыруда.
Суыртпақтап отырып сұрағанымызда учаске басшысы Арнат Хамитовтың өзі өндірісте он үш жылға жуық еңбек етіп үлгеріпті. Алғаш еңбек жолын «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік теміржол кәсіпорнында машинист болып бастаған екен. Кейін Анненскі кенішіне ауысыпты. Ал, 2008 жылы энергетика басқармасына келген жас маман содан бері кеніштерде, әсіресе шахталардағы шойын жолдың бойында тер төгіп жүр. Еңбегі жеміссіз де емес.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.