Жұмыссыз азаматтарға көмек

Мемлекет басшысы 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында еңбек нарығының тиімділігін арттыру, табысы аз адамдарды, жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен айналысушыларды жұмыспен нәтижелі қамтуға жәрдемдесудің белсенді бағдарламаларына тарту міндеттерін жүктеді.

Жолдауды іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 31 наурыздағы №316 қаулысымен «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарламаның мақсаты мен мүмкіндіктері жөнінде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Талиға Қапарова әңгімелейді.

– Бағдарламаның басты мақсаты – жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру. Жаңа «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы қазақстандықтардың жұмысқа орналасуына үлкен мүмкіншіліктер береді. Жұмыссыздар тек қана жұмысқа орналасып қоймай, сонымен қатар жаңа еңбек нарығында қажетті профессия алуға, өз ісін ашуға және экономикалық дамыған басқа аймақтарға көшуге мүмкіндіктері болады.

Ең бастысы – бұл бағдарлама жұмыссыздарды қайта оқуға, жұмысқа орналастыруға және өз ісін ашуға көмектесуге бағытталған.

Бағдарламаны іске асыру үш бағыт бойынша жүргізілді. Олар – өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу; ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру.

– Енді осы бағыттарға толығырақ тоқталып кетсеңіз.

– Бірінші бағыт аясында азаматтарға отыз алты айдан аспайтын кәсіптік оқу, алты айдан аспайтын қайта оқу курстары ұсынылады. Оқу орнына барып-келуге, жатақханада тұруына немесе үйді жалға алумен байланысты шығындар мемлекеттен төленеді. Сонымен қатар, кәсіптік оқуға жіберілгендерге ай сайынғы стипендия төленеді. Әрбір бағдарламаға қатысушымен әлеуметтік келісімшарт жасалады. Кәсіпорындарда әлеуметтік жұмыс орындарын он екі айға ашу және мемлекеттің жалақыны ішінара субсидиялауы көзделуде. Жұмыс берушілердің Бағдарламаға қатысушыларды кейіннен жұмысқа орналастыра отырып, кәсіптік даярлауға тікелей қатысу мүмкіндігі болжанған. Бұл жағдайда 2012 жылдан бастап тиісті мамандықтар үшін мемлекеттік білім беру ұйымдарында белгіленген оқу құны бойынша Бағдарламаға қатысушыларды оқытумен байланысты жұмыс берушілердің шығыстарының 70% дейін өтеуді енгізу көзделген.

Бағдарламаның екінші бағытына ауыл кәсіпкерлері және өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар мен табысы аз адамдар қатарындағы жеке ісін ұйымдастыруды қалайтын және оған мүмкіндігі бар адамдар қатыса алады. Жеке ісін ауылда ұйымдастыруды қалайтын әйелдерге қатысудың басым құқығы беріледі. Бұл бағыт шеңберінде мемлекеттік қолдаудың шағын несие беру, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту түрлері көрсетілетін болады. Бағдарламаға қатысушыларға шағын несие бес жылға үш миллион теңге көлемінде беріледі. Бюджеттік кредиттің нысаналы мақсаты – жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту, айналым капиталын толықтыру.

Ауылдық жерлерде шағын бизнесті дамыту мақсатында басқа да көмектер қарастырылған, ол Бағдарлама шеңберінде қатысушылар іске асыратын жобалар үшін қолданыстағы жүйелерге, яғни жолдарға, кәрізге, жылумен және сумен жабдықтауға, телефон және электр желілеріне жетіспейтін инфрақұрылымды салуды меңзейді.

Үшінші бағыт өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық даму орталықтарына көшуге бағытталған. Бағдарламаның үшінші бағытына қатысушыларға көшуге субсидия беру; сатып алу мүмкіндігімен, үлгілік жалға берілетін тұрғын үй  беру; жаңа тұрғылықты жерінде кәсіптік оқу курстарынан өтуді және жұмысқа орналасуына жәрдемдесу қарастырылған.

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыруда біздің қаламызда да көптеген шаралар жоспарланып, біртіндеп жүзеге асырылуда. Оның нәтижесі – жұмыссыздар санының күн санап төмендеп келе жатқандығы.Бұл бағытта әлі де талай атқарылар істер ауқымды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Жазып алған Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.