Бізді топтастырған Отансүйгіштігіміз еді

Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін, сол кездегі Кеңес Одағында 1956 жылға дейін ардагерлер ұйымы болған жоқ. Тек сол жылы Москвада соғыс ардагерлерінің кеңестік комитеті құрылады. Ол кезде Алматыда Панфилов дивизиясы ардагерлерінің ұйымдасқан тобы болған еді. Міне, осы топ Қазақстанның барлық соғыс ардагерлерін топтастыру мақсатында 1961 жылы Бүкілодақтық соғыс ардагерлері комитетіне кіреді. Оны Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов басқарды.

1986 жылы 17 желтоқсанда Москвада Бүкілодақтық соғыс және еңбек ардагерлері ұйымының құрылтай конференциясы шақырылды. Онда ардагерлер ұйымының Бүкілодақтық Кеңесі құрылып, оның төрағасы болып Одаққа белгілі мемлекеттік қайраткер, Ұлы Отан соғысы кезінде Белоруссияда партизан қозғалысын ұйымдастырушы Константин Мазуров сайланды.
Ал, келесі жылы, яғни 1987 жылы 21 наурызда Алматыда Қазақстанның ардагерлер ұйымы құрылды. Ұйымның алғашқы Кеңесінің төрағасы болып майдангер Шангерей Жаныбеков сайланған еді.
Сол 80-шы жылдары Сәтбаев қаласындағы ардагерлер ұйымы да өз бастауын алды. Кеншілер қаласының ардагерлер кеңесінің тарихы жайында біз осы кеңестің қазіргі кездегі төрағасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Байбосынов Шермухамбет ақсақалдан айтып беруді сұраған едік:
– Бүкілодақтық, оның құрамында болған Қазақ ССР-ның ардагерлер ұйымының тарихына қарасақ, әртүрлі кезеңдер өтті. Алғашқы жылдары соғысқа қатысқан азаматтар қатары мол болған кезде бұл ұйым мүшелігінде тек соғыс ардагерлері болды. Кейін олардың қатары сирей бастағасын ұйымға тыл еңбеккерлері мен еңбек ардагерлері де қосылды. Бұл енді өмірдің заңы ғой. Сонда да болса, әр уақытта ардагерлер ұйымы қоғам өмірінде, жастарды патриоттық сезімде тәрбиелеуде, ақыл-кеңес беруде үлкен роль атқарып келді.
Қоғамдық ұйым ретінде алғаш құрылған кезде ардагерлер кеңесінде өз штаты, есеп-шоты болды, ардагерлерге көрсетілетін көмек те, жәрдем де қомақты еді. Сәтбаев қаласының ардагерлер кеңесінің әр кәсіпорын, мекеме, ұжымдарда бастауыш ұйымдары болды. Олар кәсіподақ ұйымдарымен бірлесіп жұмыс атқаратын. Аймағымыздың алып кәсіпорны – Жезқазған кен-металлургиялық комбинаты, кейін «Қазақмыс» корпорациясы 2004 жылға дейін ардагерлерді әр мерекеде ұмытпай қолдау көрсетіп отыратын. Жергілікті билік тарапынан да көмек болатын. Мысалы, 2000 жылы Сәтбаев қаласының әкімі болған Қанат Балмағамбетов кезінде 6 соғыс ардагері пәтер алды. Демеушілердің арқасында біз Жеңіс күні қарсаңында Қарағанды, Алматы, Астана, Москвада өтетін мерекелік іс-шараларға сапар шегетінбіз…
Қаламыздағы ардагерлер ұйымының бастауында кімдер тұрды деп сұрайтын болсаңыздар, алғаш құрылған жылдан бастап, 1992 жылға дейін қалалық ардагерлер кеңесін Иван Мукин басқарды, одан кейін 1992 жылдан 1998 жылға дейін Иван Чернышенко ұйым басында тұрды. 1998 жылдың желтоқсанынан бастап қазіргі кезге дейін Сәтбаев қалалық ардагерлер кеңесінің тізгінін мен ұстап келемін. 1998 жылы ардагерлер ұйымында 145 сәтбаевтық соғыс ардагерлері бар еді, қазіргі кезде солардан бесеуміз ғана қалдық.
Жасы келген, егде адамдардың ауру-сырқауы көбейетіні белгілі ғой, дәрігерлердің де қабылдауында жиі болатынымыз тағы белгілі. Соны ескерген Сәтбаев қалалық аурухананың басшысы Жомарт Аханов 2002 жылы арнайы ардагерлер палатасын ашты. Сол үшін Жомарт баламызға алғысымыз шексіз. Ондай палата біздің Жезқазған өңірінде еш жерде жоқ. Біздің жататын орнымызға қажетті жабдықтармен қамтамасыз еткен №12 мектеп ұжымына да алғыс айтамыз.
Қазіргі таңда ардагерлер кеңесінің жұмысына еңбек ардагерлерін көптеп тартып жатырмыз. Біздің кеңестің құрамында қаламызға белгілі құрметті азаматтар жеткілікті. Олар – С.Атабаев, А.Бакаров, И.Бисекеев, Н.Ермұханов, С.Кененбаев, И.Ногаева, Л.Река, Е.Соборова. Бұл азаматтар соғыс ардагерлерімен қоса қаланың қоғамдық-саяси өміріне, жастармен кездесуге, Елбасының Жолдауын, ауқымды бағдарламарды түсіндіруде шама-шарқы келгенше атсалысып, өз үлестерін қосуға әрқашан дайын.
Биыл Қазақстанның ардагерлер қозғалысына 30 жыл толып отыр. Кезінде бізді топтастырған – отансүйгіштігіміз, қоғамға пайдамыз тисін деген құлшыныс еді. Осы жылдары ортамыздан қаншама ардагерлер кетті! «Өмір – өзен» деген сол. Бірақ, ата-баба салып кеткен осы өзен арнасымен жаңа буын ағыны жылжып ағуда, ескінің орнына жаңа келуде. Сонымен қатар, біздің жүріп өткен, көрген қиыншылықтарымыз сіздерге, өскелең ұрпаққа – мирас, естелік, үлгіөнеге. Сол жылдардан жақсысын алып, жаманынан жиреніңіздер, ата-баба салт-дәстүрін сақтаңыздар, өткенге құрметпен қараңыздар деген пікір айтқым келеді.

Жазып алған Мәди Әлжаппаров.

Комментарии закрыты.