ЕКІ КЕЗ БӨЗ

Жалғанның жарығында жинағаның бақилықта бұйырмайды. Бірге баратыны — екі кез бөз! Бұны бәрі біледі. Ендеше, қоғамды парақорлық пен жемқорлықтың жайлап бара жатқаны қалай? Қолға түскен, абақтыға айдалған «қасқаның» қатарында кім бар? Қайта «кім жоқ?» деген жеңілдеу шығар?! Үйге түсетін ұрыдан Үкімет басшысына дейін кездеседі! Кейде «Қайда барамыз?» деп қапаланасың.

Жалған сөйлемейін, парақорлық қоғамда қашаннан бар. Қылышынан қан тамған «Қызыл коммунист» кезінде де кездесетін. Көріп жүрдік. Бірақ, батылданып айта алмадық. Тіпті «пара» деген тілдік қорда сирек кездесетін. «Алған-берген» — айып емес еді.
Тәуелсіздіктің тізгіні тигесін үзеңгіні шіреп тұрып тепсіндік. «Жемқордың желкесін үзем» деп желіктік. Қайдағы?! «Азуын айға білеген» айылын да жиған жоқ, «шелек жалағанды» шетінен жазалап, «шер» тарқаттық. Кейінгі кезде ғой, «майшабаққа» «шортан-шорағай» араласа бастады.
Жасырып қайтейін, парақорлық пен жемқорлық қоғамның ашық түрдегі асқынған «құртауруына» айналды. Ал, «асқынған ауруды» жасыру жөнінде қайран қазекем қандай қанатты қағида қалдырғанын тағы жақсы білеміз. Соған қарамай, бір билікке қолың жетсе, бірдеңе алғың келіп тұрады.
Қоғамды жегідей жеген жемқорлық — қазақи ұғымға жақындатып, түсінікті тілмен әдіптелген «коррупция». Ал, қарапайым халықты қауырсындай қалтыратқан ол обыр ешкімді оңдырмайды. Қызығы сол, қазір «коррупционерді» халық құдайдай көріп, құдасындай сыйлайтын жағдайға жеттік.
Белгіленген бағдарламаны, сансыз реформаны жүзеге асыруға кедергі келтіріп, «жығылғанға — жұдырық» болып отырған да — осы сыбайлас жемқорлық. Оны тудыратын экономикалық заңдылыққа сүйенбей жасалған сауатсыз саясат. Одан әрі қаржы, салық, тағы сондай сан-сапалақ саясат «балалай» береді де, сайып келгенде қоғам дамуына кедергі келтіреді.
Сауатсыз экономикалық саясат қалай туады? Менің түсінігімде, кез келген саланы кәсіпқой маман басқаруға тиіс. Кейде «Мәселені мықты менеджер шешеді» деп сандаламыз. Бәлкім, ол шынында да бизнестің «майын ішкен» біреу шығар. Бірақ, өз басым денсаулықтан үнем жасаймын деп Досаев дүниені қалай дүрліктіргенін әлі ұмыта алмай жүрмін.
Ең сорақысы сол, нарықтық қатынастың қыр-сырын қақпайтын, ал ой-өрісі мен өресі отбасы мен ауыл-аймақтан аспайтын кейбіреудің «наны көтерілсе», құдайдың ұрғаны. Сондай «сормаңдай» төңірегіне өзіндей топасты топтастырады, жағымпазды жинайды. Парақорлықтың өсіп-өнетін ортасы осы. Ол сыбайлас жемқорлыққа жол ашады.
Жемқорлық жетегінде кеткен обал-сауапты жиып қойып, қоғам игілігін талан-таражға салады. Қоластындағыдан пара алуды дағдыға айналдырады, сосын оны өзінен жоғары отырғанмен бөліседі. Қашан қолға түскенше беті бүлк етпей, «жемқорлықпен күрестің» бел ортасында жүреді. Оның табиғаты солай.
Өзекті өртеген ойдың бірпарасын ортаға салдық.
Қарап отырсаң, қоғамда онымен күреспейтін тірі жанды таппайсың. Әсіресе, мектеп пен балабақшада ерен. Сенбесең, кез келген газетті қара.
Бірақ, қортындысы — қораш! Сөз бен іс сәйкеспейді. «Айқайлай-айқайлай қасқырдан да ұят болды» дегеннің кері.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.