Жастар іске кірісті

«Жасыл ел» жастардың еңбек жасағы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «Жас Отан» жастар қанаты мен Жас көшбасшылар қауымдастығымен  бірлесіп, алтыншы еңбек  маусымын бастап кетті. Жасақтың іске кірісуі сәрсенбі күні №15 орта мектептің футбол алаңында  салтанатты түрде ашылды. Маусымның ашылуына қала тұрғындары, жасотандықтар, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының мүшелері қатысты.

Қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Мәруа Келмағамбетова қала басшылығы атынан еңбек маусымының ашылуымен құттықтап, оларға сәттілік тіледі.  – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2005 жылдан бастап құрылған қаламыздағы «Жасыл ел» еңбек жасақтары бүгін де өзінің кезекті еңбек маусымын бастағалы отыр. Осы уақытқа дейін жасылелдіктердің көмегімен қаламыздың көшелеріне жасыл желектер отырғызылып, оларды күтіп-баптап, қаламыздың абаттандырылуына, көркеюіне, санитарлық тазалығына көп үлестеріңізді қосып келесіздер. Биылғы еңбек маусымының бір ерекшелігі – ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр. Бұл сіздердің осы 20 жылдық мерейлі мерекеге қосқан үлестеріңіз деп біліңіздер. Сіздерге қала әкімі С.Медебаевтың және де қала халқының атынан үлкен алғысымызды білдіріп, еңбектеріңізге жеміс тілейміз, – дей келе, еңбек ететін білім, денешынықтыру және спорт бөлімінің, технологиялық колледждің сондай-ақ, №3 кәсіби-лицейдің «Жасыл ел» жасақтарына еңбек жолдамасын берді.

Еңбек жасағын жұмыспен қамтамасыз ететін «Сәт Сәулет» АҚ-ның дендрологы Нұрсұлтан Тенс жиналғандарды маусымның ашылуымен құттықтап, үш топқа жұмыс атқаратын аумақтары жазылған қағаздарын тапсырды.

– Қаламыздың абаттануына өзіндік үлестерін қосып келе жатқан жасылелдіктердің тағы да бір еңбек маусымы басталды. Биылғы жылы да жасақ құрамында 150 бала еңбек етеді. Олар қала мектептерінің оқушылары, технологиялық колледждің, №3 кәсіби-лицейдің студенттері. Жұмыс уақыты таңғы сағат 8-ден түскі 2-ге дейін. Жұмысты «Сәт Сәулет»  АҚ береді. Жалақылары осы жұмыс беруші мекеме мен республикалық бюджет тарапынан бөлініп отыр, – деді штабтың төрағасы Дулат Төлегенов.

Салтанатты ашылудан соң жасылелдіктер  футболдан, волейболдан өзара жарысқа түсті.

Қаланы көркейтуді мақсат етіп отырған «Жасыл ел» еңбек жасақтарына біз де іске сәт дейміз!

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.