Үш тұғырлы тіл саясаты – заман талабы

Тілдерді дамыту – еліміздегі мемлекеттік саясаттың ең маңызды бағыттарының бірі. Елбасымыздың Жолдауына сүйенсек, Қазақстанды бүкіл әлем үш тілді бірдей пайдаланатын жоғары білімді мемлекет ретінде тануы тиіс. Қазақ тілі – мемлекттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаҺандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. Демек, мемлекеттік тілді дамыта отырып, орыс тіліне қолдау көрсетеміз, ағылшын тілін үйренеміз.

Осы тұрғыдан келгенде үш тілде оқыту – заман талабы. Жас ұрпақтың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін, өзге тілдерді оқып білуге деген қызығушылықтарын арттыру арқылы олардың елге, туған жерге деген сезімдерін ояту – басты міндетіміз. Үш тілді меңгеру – халықтар достығына, мемлекетаралық сыйластыққа тәрбиелеп, әлемдік деңгейге көтерілер бірден бір жол. Адам көп тіл білген сайын оның көкірек көзі ашылып, өмірінің көкжиегі кеңіп, өрісі ұлғая түсетін болады.
Елбасымыздың осы жылғы Жолдауының төртінші басымдығында үш тілді оқуға кезең кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар қаралған. Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90 % ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогресске жете алмайды. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын болады. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешуге көп көңіл бөлінеді.
Қорыта келе, үміт артатын жастарымыз ел иесі ретінде мемлекеттік тілді қастер тұтып, ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде орыс тілін жетік игеріп, ағылшын тілінде ой-пікірін еркін өрістете алса, игілікті идеяның орындалғаны. Демек, үш тұғырлы тіл саясаты өз жемісін бере бастады деуге толық негіз бар.

Г.Жазықбаева, орталық кітапхана библиографы.

Комментарии закрыты.