Зауытта синтез-газ бен резеңке ұнтақтар шығарылмақ

Қарағандыда автоқалдықтарды өңдеу зауытының құрылысын жүргізіп жатқан «Recycling Company» ЖШС «Сарыарқа» АЭА резиденттерінің тізіміне енгізілетін болды. Жоба Қарағанды облысының әкімдігінде индустриалды-инновациялық даму жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында қаралды.

«Recycling Compаny» ЖШС техникалық директоры Қайрат Қалманбаев технологиялар мен өндірістік жоспарлар туралы айтып берді.
«Қолданыстан шыққан көлік құралдарының темірінен түсті металл қорытпаларын, шойын, болат, алюминий алу, көмірсутектер мен олардың туындыларын өндіру» жобасы бірнеше кезеңнен тұрады. Біріншісі – жинау пункттерінде ескі автомобильдерді тығыздау. Содан кейін материал Қарағандыдағы өндірістік алаңға жеткізіледі. Одан әрі шредерлік жабдықпен қайта өңделеді», – дейді баяндамашы.
Оның айтуынша, қазіргі кезде компания пресс сатып алды және қайта өңдеуге арналған жабдыққа тапсырыс берді. Мамыр айында сығымдалған материалды ұсақтауға кірісу жоспарланған. Ұсатылған материал индукциялық пеште балқытылады.
Өндірістік циклда жарамсыз пластик пен резеңке ұнтақ қалдықтарынан көмірсутектер мен олардың туындыларын шығару да қарастырылған.
«Соңғы өнім ретінде шойын, болат, алюминий және түсті металл қорытпалары алынады. Балқытатын индукциялық пештің өнімділігі – жылына 22 740 тонна. Көмірсутектер мен олардың туындыларынан жылына 2 100 тонна синтез-газ, жылына 16 000 тонна отын шығару жоспарланған. Резеңке ұнтақ шығару жылына 3 300 тоннаны құрайды», – дейді баяндамашы.
Құны 3,4 млрд. теңгені құрайтын жоба несие қаржысына іске асырылады.
Орайы келгенде айта кетейік, Қазақстанда 2016 жылы ескі көліктерді кәдеге жарату бойынша пилоттық бағдарлама қолға алынды. Еліміздегі автоқалдықтарды өңдейтін алғашқы зауыт Қарағанды облысында «Сарыарқа» АЭА аумағында орналасады. Компания наурыз айына қарай барлық рұқсат беру процедураларын аяқтап, зауыт құрылысын бастамақ.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.