Мұғалімдер қағазбастылықтан құтылады

Бұл туралы білім және ғылым министрі Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында хабарлады. «Қазір Ұлттық ағарту мәліметтері базасы, электрондық күнделік бар. Сондықтан, қағазбен есеп беруді алып тастай аламыз», деді министр…

Министр өз сөзінде бұл тұрғыда бірнеше проблемалардың бар екенін де айтып өтті. «Мұғалімдер әртүрлі тексерушілердің алдында «анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес» деп айта ма деп қорқады. Ең басты мәселе – қаржы, білім министрлігі және прокуратура бірлесіп, қағаз бен электрондық журналды тең деп тауып, мұғалімдердің қорқынышын жоюымыз керек. Осы мақсатта құжаттарды қаржы министрлігіне тапсырдық. Бұл мәселеге олар да қарсы емес», – деді Ерлан Сағадиев.
Осы мәселеге орай, министр мектептердегі интернеттің қолжетімділігіне де назар аударды. «Екінші проблема – интернет әрбір мектепке, әрбір кабинетке жете бермейді. Осы мәселені шұғыл шешуіміз керек. «Сандық Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл жағдай бірінші кезекке қойылған. Біз вай-файды әр класқа жеткізуді биылдан бастап қолға алмақпыз. Үшінші мәселе – компьютерге қатысты. Біз жылына 11 мың компьютер сатып аламыз. Бірақ, оның өзі де аз. Сондықтан, қаржыландыруды ұлғайту керек», – деді министр.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.