Есімдері көшелерге берілмек

Сәтбаев қаласының әкімі С.Медебаевтың қатысуымен қала әкімдігі жанындағы  ономастикалық комиссияның  отырысы өтті. Оны комиссия төрайымы, әкімнің орынбасары М.Мәдиева жүргізді.

– Ономастикалық комиссияға келіп түскен өтініштерді қанағаттандыру және  еліміздің өркендеуі мен қаламыздың көркеюіне, экономикасының көтерілуіне еңбектері сіңген азаматтардың есімін есте қалдыру мақсатында қаладағы бір көшенің немесе мекеменің атын беру үшін осы комиссияның отырысын өткізіп отырмыз, – дей келе, Марал Мәдиева күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.

Наурыз көшесін Ғазиз Омаров есімімен, М.Горький көшесін Балаби Баймағамбетов есімімен, Көктем көшесін Шұбартулы Жаулыбай батыр есімімен, Сарыарқа көшесін Әбсамат Тәжбенов есімімен қайта атау және қаламыздағы №1 мектеп-гимназиясы мекемесінің алғашқы басшыларының бірі – Хакима Жомартбаеваның атымен атау жөнінде Г.Есмұрзаева, А.Төлендина, М.Бекмағанбетова, М.Жаппасбаева, А.Темірбаева шығып сөйлеп, аталған тұлғалар жайлы қысқаша ақпарат берді.

Комиссия отырысына «Нұр Отан» ХДП СФ төрағасының бірінші орынбасары Ж.Дәрібаев, қалалық Аақсақалдар алқасының төрағасы М.Аханов, қаланың Құрметті азаматтары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және өтініш иелері қатысып отырды.

Бірінші мәселе төңірегінде қаланың Құрметті азаматы М.Аханов сөйледі.

–    Кеңес үкіметі кезінде мемлекеттік деңгейдегі атаққа ие болу оңай болған жоқ. Сол кездегі марапаттардың қазіргіден салмағы ауыр, оны өздеріңіз де білесіздер. Ерекше еңбегі сіңгендерге ғана көрсетілер құрмет бұл. Оларыңызға рахмет, бірақ менің ұсынысым Ғазиз Омаровтың атын Наурыз көшесіне емес, орталықтағы Комаров көшесіне беру керек, – деді.

Бұл тілекті қалалық соғыс және еңбек ардагерлері Кеңесінің төрағасы Ш.Байбосынов та қолдады.

Б.Баймағамбетов туралы А.Төлендинаның ақпаратын М.Мәдиева толықтырды.

– Балаби Баймағамбетов бойынша осыған дейін де өтініш түсіп, ономастикалық комиссияда қаралған. Ол кісі Ұлытау өңірінде ауылшаруашылық саласында көп жыл еңбек еткендіктен, Ұлытау ауданының әкіміне ұсыныспен шыққан едік, оған жауап болмады. Сондықтан шағымды қайта қарап, Горький көшесіне сол кісінің есімін беруді ұйғарып отырмыз, – деп түсіндірді төрайым.

Басқа тұлғалар бойынша ұсыныстар, пікір-талас туындаған жоқ.

Комиссия бұл мәселелер бойынша әлі де жұмыс істейтінін, алдымен жұмыс тобын құрып,  сауалнама жүргізу арқылы көше тұрғындарының пікірлерін білу керектігін, содан кейін ғана қалалық мәслихаттың сессиясына шығатындарын айтты.

Иә, уақытында еңбектері еленбей қалған, бүгінде жоқтаушылары жоқ қаншама батырлар мен азаматтар бар. Олардың есімдерін есте сақтау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу кейінгілердің парызы. Отаны алдындағы ерліктері мен елінің алдындағы еңбектері үшін маңдай терлері сіңген жерінде есімдерін қалдыруға бәрі де лайық.

М.Смағұл.

Комментарии закрыты.