«Қыздарға әсемдік жарасады …»

«Қыздарға әсемдік жарасады …», дейді бір танымал әнде. Бірақ, біздің кейбір бұрымдыларымыз сол әсемдікті әсірелеп, қадір-қасиетін кетіріп жататыны да жасырын емес…

Бірде жолым түсіп, Қарағандыға бардым. Ондағы маршруткалардың ішінде «Газельдер» де аз емес. Майқұдыққа жетпек болып сондай бір «Газельге» міндім. Адам қарасы да мол екен. Орын жоқ. Өздеріңізге мәлім, «Газельде» бой жазып тұра алмайсың. Жүрелеп қана отыра аласың. Сол жолы бір қыздың қатты қиналғанын көрдім. Әлгі байғұстың юбкасы тым шолақ екен, түскенше берекесі кетті. Не тұра алмады, не отыра алмады. Ақыры келесі аялдамада түсіп қалды. Сәннің сыйқы осы. Оны ол өзінше жарасымды деп киіп алды. Мүмкін жүргенде солай шығар. Бірақ, ол мұндай «форс-мажорлы» жақты ойламаған сыңайлы. Асылында киген киімің барлық жағдайда бойыңа қонымды болып тұрса ғана жарасымды ғой.

Осы жағдайды әріптесім, медицина және журналистика саласының ардагері Майра Жаппасбаеваға айтып бердім.
– XXI ғасыр – дамыған өркениетті заман. Сонымен қатар, ұзын етек қысқарып, қысқа тіл ұзарған кез. Дегенмен, отбасында қазақы тәрбие алып өскен қыздар мұндай сән үлгісін жат көреді деп ойлаймын. Өз басым қыз балалар тізеден сәл төмен түсіп тұратын юбканы немесе ұзын көйлектерді кигені дұрыс қой деп ойлаймын. Қысқа, жабысып тұратын киім кімді де болса ыңғайсыздыққа қалдырады, – дейді Майра Смағұлқызы.
– Ал, қыздарға жарасып тұрса қайтпек? – деймін мен әңгімені қыздыра түскім келіп.
– Жарасса кисін. Бірақ, сирақтың сидиып көрініп тұрғанының несі жақсы. «Есті қыз етек жабар» деген бар емес пе?! Қысқа етек киюге құмарлық қайдан шығады? Ондай қыздың ата-анасы бала тәрбиесіне салғырт, жауапсыз деген сөз. Кейбір бойжеткендер өзгенің назарын аудару үшін осындай қысқа киімдер таңдайды. Тыңдайтын құлақ, көретін көз болса, шолтиған етекті юбка киемін деп ары тапталып жатқан қыздарымыз аз ба?!, – деп түйіндеді Майра Смағұлқызы әңгімесін.
Сіз не дейсіз, оқырман?

Комментарии закрыты.