Бірлескен оқу-жаттығу

Жезқазған қаласының мамандандырылған күзет қызметі басқармасының ұйымдастыруымен  Сәтбаев қаласы ішкі істер бөлімінің бірлескен полиция күштері  төтенше жағдай туындаған кезде жедел іс-қимылдар бойынша машықтану, қала төңірегінде орналасқан нысандардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында жедел-тактикалық оқу-жаттығу өткізді.

– Жоспарға сай Жезқазған қаласы МКҚБ кезекші бөліміне қала аумағында орналасқан белгілі бір нысанға құқықбұзушылардың шабуыл жасағаны жөнінде дабыл белгісі беріледі. Осы ақпаратты жергілікті Сәтбаев қаласы ІІБ-нің кезекші бөлімшесіне хабарлап, Жезқазған қаласының МКҚБ жеке құрамын дабыл белгісі бойынша жинайды. Өз тарапынан Сәтбаев қаласы ІІБ кезекшісі ақпаратты растап, белгі бойынша бірлескен полиция күштерін жедел түрде көтеріп, қаруландырып, оқиға болған жерге бағыттайды. Оқиға болған жерде құқықбұзушылардың орналасқан жерін жан-жақтан қоршап, құқықбұзушыларды құрықтайды, – деді Жезқазған қаласының МКҚБ бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Т.Біртаев.

Осы сценарийді орындауға ІІБ-нен 60-қа тарта полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Нысанды басып алған екі құқықбұзушының қолындағы қару-жарақтар тәркіленіп, ғимарат толықтай залалсыздандырылды. Нысанды заңсыз әрекетке барғандардан босату барысында зардап шеккендер болған жоқ.

– Мұндай бірлескен іс-қимылдар мен жаттығулар төтенше жағдайлар бола қалған кезде шапшаң әрі тез әрекет етуге дайындық, – дейді ұйымдастырушылар.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.