Мамандыққа адалдық

Сан-салалы мамандықтың ішінен денсаулық сақтау саласын қалаған Бикен Әбееваны  сәтбаевтықтар жауапкершілігі мол, өз ісіне адал берілген, білікті де тәжірибесі мол маман ретінде біледі.

Ұлытау ауданында 1953 жылы дүниеге келген ол, он жылдықты тәмамдаған соң, денсаулық сақтау саласының жүгі қаншалықты қиын екенін біле тұра, 1971 жылы Жезқазған медициналық училищесінің «Медбикелік іс» бөліміне құжаттарын тапсырады. 1973 жылы осы оқу орнынан дипломын қолына алып, сол кездегі қаламыздағы №2 емханаға (қазіргі Сәтбаев қаласының кеңестік емханасы) келіп орналасады. Кейіпкеріміздің өзі айтпақшы, емхананың аты қанша рет өзгергенімен, құрамы қатты өзгерген емес. Соның қатарында өзі де бар. Биыл осы емханада еңбек еткеніне 38 жыл толыпты. Міне, нағыз мамандыққа адалдық деген осы шығар. Біз Бикен Әбейқызының бұл жауапкершілігін өзінің еңбек еткен ортасына деген құрметі деп түсіндік.

– Мені алғаш рет осы емханаға келгенде медбибіліктің қыр-сырына баулып, үйреткен Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының үздігі болған ұстазым, марқұм Базаркүл Әбішқызы еді. 1996 жылға дейін сонда  учаскеде істедім. Бір күні Базаркүл Әбішқызы өзіне шақырып алып:  – Бикен, сен енді біраз тәжірибе жинадың, өз білім-білігіңді ультрадыбыстық кабинетте сынап көрсең қайтеді? – деген соң, сонда ауыстым. Әуелгі бес жылда кабинеттің дәрігері болған Гүлсім Бургаковамен еңбек етсем, 2001 жылдан бастап, зейнеткерлікке шыққанша Нескен Серікбаевамен жұмыс істедім. Біз аға буыннан тәлім алсақ, өзіміз жас мамандарға үлгі боларлықтай іс қалдырсақ деп тырысып келдік.  Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында тың серпіліс бар. Алысқа бармай-ақ өзіміздің қалада да жаңа емдеу мекемесі ашылып, халыққа қызмет көрсетудің  ауқымы кеңейді. Жаңа технологиямен жабдықталған құралдардың арқасында науқастың ауруын тез тауып, емдеудің жолын бірден шешуге мүмкіндік туды, – дейді Бикен Әбейқызы.

Осы орайда халық ықыласына бөленіп жүрген жан туралы әріптестерінің айтқан пікірлеріне де құлақ түрдік:

– Мамандығына шынайы берілген жандар бүгінде  сирек кездеседі. Бикен Әбейқызы мамандық таңдауда қателеспеген деп ойлаймын. Оның қарапайымдылығы мен ұқыптылығының арқасында әріптестерінің ортасында беделі зор. Мен басшылық жасаған жылдардан бері Бикен Әбейқызының жұмысына болсын, жеке басына болсын  әкімшілік тарапынан ешқашан ескерту болған емес. Емделушілердің тек қана алғысына бөленіп жүрді. Сол үшін алған марапаттары да жетерлік. Кейінгі жастарға оның мамандыққа деген сүйіспеншілігі үлгі боларлықтай. Емхананың қоғамдық-мәдени өміріндегі жетістігінің өзі бір төбе. Жұмыстың көптігі мен қиындығына қарамай, барлық іс-шараларға белсене араласып, өз үлесін қосып жүр. Қалаға танымал  «Ақ әжелер» ансамблінің белгілі мүшесі. Қызметте білімді маман болса, отбасында ардақты жар, аяулы ана, асыл әже екендігін наурыз айында өткен «Асыл әжем – ғасыр әжем» байқауында ІІІ орын алғандығынан-ақ  біле беріңіз,– дейді қалалық кеңестік емхананың басшысы Әлия Қоңырова.

Иә, шынында да, Бикен Әбейқызы отбасында асыл  жар, ардақты ана. Жолдасы Шаяхмет Күреңбаев екеуі төрт бала тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Шаяхмет аға Сәтбаев қалалық файыту фабрикасында еңбек етіп жүр. Балаларының барлығы да жоғарғы білімді. Үлкен қызы Нұргүл байыту фабрикасында инженер, Мейіргүлі балалар мен жасөспірімдер кітапханасында кітапханашы болып істесе, ұлы Сұңғат №55 шахтада учаске бастығы. Ал, кіші қызы Сымбат Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжінде дәріс береді. Келіні Элмира мен күйеубалалары Жолдасбек, Руслан да қаланың көркеюі жолында еңбек етіп жүргендердің қатарында.

– Уақыт деген ағынды судың сырғып қалай өткенін білмей қалады екенсің. Елуді еңсеріп, зейнеткерлікке шығып, құдай берген 5 немерені әлдилеп отырған жайым бар,  – дейді апай.

Арқаның ардақты ақыны Сәкен Сейфуллин: «Адам – керуен, өмір – жол» деген екен. Сол керуен жолдан адаспай, адал еңбекпен биік абыройға ие болса елі құрметтейтінін кейіпкеріміздің өмір жолы дәлелдеп тұр. Кейінгі өзі тәрбиелеп үйреткен мамандары осы жолды үлгі тұтса, Бикен Әбейқызының еңбегінің еш кетпегені деп ойлаймыз.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.