«Тілге қызығушылық бала жасымнан қалыптасты», – дейді Әсет Жабаев

Көп тіл білу біздің мемлекетіміздің халықаралық байланыстарын дамытуға мүмкіндік беретін тұлғааралық және мәдениетаралық қарым-қатынастардың аса маңызды құралы болып табылады. Еліміздің басқа мемлекеттермен қарым-қатынасы артып отырған шақта ағылшын тілін еркін меңгерген, келешекте білімін түрлі саладағы қарым-қатынас жағдайында пайдалана алатын адамдардың бәсекеге қабілеттілігі жоғары.

Қазіргі уақытта қоғамның қай саласын алып қарасаңыз, заман талабына сай үш тілді жетік меңгерген мамандар баршылық. Үш тілде еркін сөйлеп, жаза алатын бәсекеге қабілетті маманның бірі – қаламыздағы С.Сейфуллин атындағы гимназияның мұғалімі Әсет Жабаев.
Ол 2002 жылы №19 Ы.Алтынсарин атындағы мектептің 9 сыныбын үздік тәмамдап, Жезқазған гуманитарлық колледжінің ағылшын тілі мамандығына оқуға түсті. Колледжді де жақсы бағаға аяқтаған Әсет кейін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіне шет тілі мамандығына оқуға түсті. Тілге деген қызығушылық оны кейін осы жоғарғы оқу орнындағы магистратураға жетелейді. Ағылшын тілінің бай сөздік қорын, стилін, грамматикасын толық меңгерген маман бірден С.Сейфуллин атындағы гимназияға ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады.

– Мектеп қабырғасында жүргенде әрбір бала сияқты американдық, шетелдік фильмдерді, клиптерді, бағдарламаларды көріп өстім. Сол елдерді өз көзіммен көріп келсем, тыныс-тіршілігімен таныссам деген арманым болды. Осы арманыма жетудің бірден бір жолы ағылшын тілін оқу екенін түсіндім. Түсіне отырып, тіл меңгеруге бел шештім. Әлі күнге дейін есімде, колледжде оқығанымда колледж директоры Ғалымжан Құрманұлы үнемі айтатын «қанша тіл білсең сонша адамсың», деп.  Яғни қанша тіл білсең сонша халықтың жан-дүниесін, құндылықтарын таниды екенсің. Әрбір тілдің өзі адам сияқты туыс болып келеді біріне-бірі. Тіл оқи жүріп, ондағы ерекшеліктер мен ұқсастықтарды да байқайсың. Абай атамыз «Орыс тілін білу — әлемді түсіну көзі» деп айтып кеткеніндей, қазіргі таңда әлемді танудың көзі ағылшын тілі десек, қателеспейміз. Осы күндері жиған білімімізді оқушыларға меңгертіп жатқан жайымыз бар. Сабақ беріп жүрген сыныптарыммен ағылшын мультфильмдерін дыбыстап, видео хостингтерге салып, дүйім жұртқа таныстырып, конкурстарға қатысып келеміз. Республикалық сайыстарда жүлделі орындар да жоқ емес. Дарынды оқушылармен жұмыс жасаудың нәтижесінде өзім де тың жаңалықтарға қанығып отырамын.

Көптілділіктің іргетасы ана тілінен қаланады. Ана тілінде көп ізденіп, кітаптарды көп оқитындықтан, сөздік қорым мол деп айтуға болады. Ұлтаралық қатынас тілі арқылы таным-түсінігімді кеңейтіп, білім-білігімді толықтыруға мүмкіндік алдым. Жаһандық экономикаға кірігу тілінің көмегімен озық ілім-білімді меңгеріп, жаңа технологияны игеруге болады. Еліміздің өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына қызмет етіп жүрген әріптестерімнің арасында өзге ұлт өкілдері де бар. Жұмыс барысында үш тілді де қатар пайдаланамын. Тіл білгеннің пайдасы мол деп есептеймін. Кез келген ақпаратты, өзіме қажет болған мәліметтерді іздеп, түсінуге, өзге ұлт өкілдерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік мол. Балаларыма үй тапсырмасын орындауға, әсіресе, орыс және ағылшын тілдері сабақтарынан көмектесемін, – дейді Әсет.

Арман-тілектен туындаған тілге деген қызығушылық Әсетті бүгінде өз ортасында, ұжымында белді де беделді маман ретінде танытты. Қазіргі таңда еліміздің кемел келешегі үшін өскелең ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына, кәсіби маман болуына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Мұндай мүмкіндікті мүлт жібермей, өз тілін құрметтеп, өзге тілдерді меңгерген маманның болашағы жарқын болмақ.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.