«Ұлы Дала елі» халықтық атау болуы керек

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды «Ұлы дала елі» деп атау жөнінде ұсыныс тастағанын көзі қарақты оқырман әлі ұмыта қоймаса керек. «Біз тарихымыздың жаңа шамын жақтық, сондықтан, бүгін және мәңгілік Қазақстанымыз – Ұлы дала елі, бұл Ұлы жаңғырған дала елі, біздің Отанымыздың көп этникалық халқының бесігі. Сүйікті Отанымыздың халықтық атауы осы – Ұлы дала елі», – деген еді сол жолы Н.Назарбаев.

Президент баса айтып өткендей, бұл атау біздің Отанымыздың өткені мен бүгінгісін, болашағын айшықтап тұр. Біздің қазақстандық мінезіміз бен оның негізгі ерекшеліктері ашықтық, рухани байлық, жүректеріміздің жылуы, қонақжайлылық, бейбітшілікті сүю, даналық пен еңбексүйгіштік сынды қасиеттер сол Ұлы даладан дарып тұр.

«Қазақстан» телеарнасына берген бір сұхбатында Нұрсұлтан Әбішұлы «Ұлы Дала» ұғымы – баяғыдан бар ұғым. Дешті Қыпшақ деген сөз қыпшақтың даласы деген сөз. Ұлы Дала ұғымына мынау Алтайдан Қара теңізге дейінгі даланы атайтын болған. Оның негізгі аумағы – біздің қазақтың жері. Біздің даламызда кен де болған, темір де болған, қолөнер де болған, бәрі болған», – деп атап өтті.

Жалпы, өздерінің шығу тегін табиғи болмыспен байланыстыру ұғымы көп елдерде қалыптасқан. Мәселен, жапондар өздерін «күншығыс еліміз», қытайлықтар «аспан асты еліміз», кәрістер «таңғы шық еліміз» деп жатады. Осы тұрғыдан келгенде біз өзімізді – «Ұлы Дала еліміз» деп атауымызға толық негіз бар. Кең дала –  біздің жеріміз. Осы жерде біз тұрып жатырмыз, өсіп жатырмыз, өркендеп жатырмыз, ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз. Осы жерде мемлекетімізді құрып, оның шаңырағын биік қылып, көк тудың астына жиналып жатырмыз. Біздің байрағымыздың өзінде көк аспан, жарқырған күн бейнеленген.

Бүгінгі күні елімізде «Қазақстан – Ұлы Дала елі» атауын насихаттауда қадау-қадау жұмыстар жүріп жатыр. Жаңаша атауды күллі әлем халықтарының құлағына сіңісті ету мақсатында телеарна да ашылып, жұмысын бастады. Жер-жерлерде мектепке дейінгі мекемелерден бастап іргелі кәсіпорындар мен мекеме, ұжымдарда «Қазақстан – «Ұлы Дала елі» атауымен ауқымды шаралар ұйымдастыру қолға алынды. Бұл идея күллі қазақстандықтар тарапынан қызу қолдау табады деп ойлаймыз. Таяу уақытта күллі әлем Қазақстанды – «Ұлы Дала елі» деп атап жатса мерейіміздің өскені емес пе. Бұл шын мәнінде халықтық атау болуы керек.

Дина Бекетова, қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы.

Комментарии закрыты.