Мәңгілік елдің мақтаныштарын құрметтеді

20170310-2-18 Наурыз — Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай қаламыздағы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында салтанатты шара өтті. «Қазақстан әйелдері – мәңгілік елдің мақтанышы» деген атпен ұйымдастырылған бұл жиынға қала әкімі Асқар Ыдырысов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Салтанатқа көпбалалы аналар, түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер, қоғамдық бірлестіктердің белсенділері шақырылған.

Мерекелік шара «Ирис» атты хореографиялық композиция және әншілер тобының орындауындағы попурримен басталды.
Бұдан кейін қала әкімі Асқар Ыдырысов құттықтау сөз сөйледі.

– Аяулы аналар, арулар! Тіршіліктің тірегі қашан да әйел-ана болған. Мейірімділік, адамгершілік, бауырмалдық қасиеттер адам бойына ана сүті арқылы дариды.

Сіздер отбасында ғана емес, қоғамда да үлкен рөл атқарып, еліміздің дамуына өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Сіздер біздің қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналдыңыздар. Ер-азаматтарға тірек болып, тілекші болып, еліміздің гүлденуіне үлес қосып жүргендеріңіз үшін сіздерге айтар алғысымыз шексіз, – деп атап өтті.

Салтанатты жиында қала басшысы Елбасы Жарлығымен күміс алқаға ие болған көпбалалы ана – Шұға Ахметоваға марапатын табыстады. Әкім сондай-ақ, қаланың қоғамдық, саяси өміріне белсене араласқан бір топ қыз-келіншектерді Сәтбаев қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапаттады.

Салтанатты шараға шақырылған қонақтарға қаламыздың көркемөнерпаздары ән-жырдан шашу шашып, көңілді кеш сыйлады.
Ізтай Белгібайұлы.

Суретті түсірген автор.

Комментарии закрыты.