Әліппе мектепалды даярлық тобында оқытыла бастайды

2017 жылғы оқу жылынан бастап Әліппе мектепалды даярлық тобында, яғни «нөлінші» сыныпта оқытылады. Бұл туралы ҚР БҒМ Мектепке дейiнгi және орта бiлiм департаментiнiң директоры Жаңыл Жонтаева Baq.kz тiлшiсiне берген сұхбатында айтты.

Маманның айтуынша, мектепте Сауат ашу деп жүргізіліп келе жатқан пән енді Ана тілі деп өзгертілмек. Яғни, пән енді білім бағдарламасының атауымен аталмайтын болады. Ж.Жонтаева сауат ашу пәнiн «Ана тiлi» деп атау туралы көптеген ұсыныс келiп түскенін, ол атау қабылданғанын айтты. Ендi Сауат ашу атауы «Ана тiлi» болып өзгертiледi, — деп түсіндірді.
«Ал Әліппе «нөлінші» сыныпта жүргізілетін болды. Биыл, 2017 жылдың қыркүйек айынан мыңнан астам балабақша пилоттық режимде Әліппені өткіземіз деп ұсыныстарын түсіріп отыр. Біз Әліппе дайын болғандықтан барлық пилоттық режимде өткіземіз деген балабақша мен мектептерді, «нөлінші» сыныпта оқитын балаларды, яғни оқимыз деген балғындардың барлығын Әліппе оқулығымен қамтамасыз ете аламыз.
Бұрынғы бағдарлама бойынша, бірінші сынып оқушылары Әліппені үш ай оқыса, енді мектепалды даярлық топта оны бір оқу жылы бойы оқиды. Сонда біз бірінші сыныпқа келетін балалардың барлығын дайындадық деп айта аламыз. Солай біз оқушылардың білімін көтеру мақсатымен, ұстаздармен бірге ақылдасып, осындай шешімге келдік», — деді Ж.Жонтаева.

Ізтай Белгібайұлы.

Комментарии закрыты.