Қызметкерлер жарысы

Кейінгі 5 жылдан бері  Қарағанды  облысы Халыққа қызмет көрсету орталығы кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен спорттық ойындардан жарыс өтіп келеді. Облыстың қала, аудандарының ХҚКО-нан 180 қызметкер қатысқан бұл іс-шара өткен жетіде біздің қаланы дүбірге бөледі. Биылғы спартакиада ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды.

Сенбі күні Спорттық сауықтыру кешенінде салтанатты түрде ашылған спорттық ойын екі күнге жалғасты. Ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Марал Мәдиева, «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев, «Қарағанды облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік мекемесінің бастығы Мұрат Айтуғанов  спартакиадаға қатысушыларға сәттілік тіледі. Қала басшысы Советбек Медебаевтың атынан Марал Сағынайқызы Мұрат Айтуғановқа Құрмет грамотасын тапсырды.

Салтанатты ашылудан соң, облыстың жеті қаласынан, тоғыз ауданынан  қатысқан ойыншылар 4 топқа бөлініп, спорттың 5 түрінен – арқан тарту, үстел теннисі, волейбол, футбол, жүзуден сайыс басталып кетті.

Осы күні кешке Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында жарысқа қатысушылар жергілікті өнерпаздардың күшімен қойылған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Қызықты  әрі тартысты өткен спорттық ойынның жабылу салтанаты жексенбі күні болып, жеңімпаздар марапатталды.

Бұл рәсімді Қарағанды облыстық халыққа қызмет көрсету орталығы мемлекеттік мекемесінің бастығы Мұрат Айтуғанов жасады. Бірінші  орын «Арлан» тобына, ІІ орын «Батырлар» тобына бұйырса, ІІІ орынды «Фортуна» тобы, ал, ІV орынды «Нұр» тобы жеңіп алды. Барлық топтарға бағалы сыйлықтар мен дипломдар тапсырылды. Ойын барысында жақсы ойын өрнегін көрсеткен жекелеген қызметкерлер, сондай-ақ ойынды өткізуге атсалысқан ХҚКО-ның басшылары да алғыс хаттармен марапатталды. Әкімдік атынан «Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаңбырбай Дәрібаев ұйымдастырушыларға сый-сияпатын ұсынды.

– Елбасы Н.Ә.Назарбаев халыққа Жолдауында «Ұлттық денсаулық –   мемлекеттік міндет» деп спорт саласын дамытуға аса мән беріп отыр. Елбасы қойған осы міндетті орындау мақсатында ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап осы спартакиаданы өткізіп отырмыз. Жалпы екі күнгі сайыста қызметкерлердің барлығы да  қызметте  белсенді екендіктерін танытып қана қоймай, спортта да қамшы бастырмайтынын дәлелдеді, – дейді Сәтбаев қаласы халыққа қызмет көрсету орталығының бастығы Дастан Төрегелдин.

Спорт пен халыққа қызметті қатар алып жүрген осы саланың мамандарының бұл игі істері өзге сала мамандары үшін үлгі-өнеге.

Бағдат Қазкенов.

Комментарии закрыты.