ӨРКЕНИЕТ ӨРІСІ

1969 жылы Батыс Германияда, Эйфельде, тас өндірілетін қойнауды қопару кезінде қиябеттен диаметрі 5 метр, салмағы 100 тоннадай
жұмыр шар домалап түседі. 1978 жылы Румынияда, Карпат бөктеріндегі Костешти мекенінде, жер қазу жұмысы кезінде де құмдақтан дайындалған салмағы бірнеше тонна тартатын шар кездеседі. Олардың түп төркіні түсіндірілмеді, тек ондаған миллион жылдан бері келе жатқаны жөнінде ғана айтылды.

Мұндай тас шар қоймасы Египеттегі Харга шұратында да бар. Тастан пайда болған шар тәріздес затты онда жүздеп кездестіруге болады. Көпшілігін құм мен шаң дауылы «мүжіп» тастаған. Олар бұдан 20 миллион жыл бұрын пайда болған.

Соңғы он жылдың мұғдарында оңтүстікафрикалық шахтерлар жүздеген металл шар тапты. Олар негізінен екі түрлі: біреуі – тұтас, ақ секпілді қатты көк металл, екіншісі – іші қуыс, ақ түсті кеуекпен толтырылған. Алғашқысының қатар түскен үш кертігі бар.

Клерк-Сдорп қаласындағы мұражай сақтаушысы былай дейді: «Бұл шар – тұнып тұрған жұмбақ. Былай қарасаң, адам жасаған сияқты. Бірақ, ол пайда болған заманда оны қандай саналы тіршілік иесі жасауы мүмкін?». Сақтаушының сауалы орынды, өйткені, ол шардың кейбіреуі бұдан 2,8 миллиард жыл бұрын пайда болған деген жорамал бар.

Өркениеттің негізгі белгісінің бірі – өнер. 1889 жылы Айдахо штатындағы Нампе тауынан әйел тұлғасы терең талғаммен жасалған шағын мүсінше табылған, биіктігі – бар-жоғы 4 сантиметрдей. Ол оқпанды бұрғылау барысында 97 метрлік тереңдіктен кездескен. Демек, жасандылық жөнінде ойлаудың жөні жоқ. Бұдан 2 миллион жыл бұрын жасалған.

1844 жылы Англияда, Твида қаласының төңірегінде тас өндіру кезінде 2,4 метр тереңдіктен табылған алтын жіп те ежелгі өркениетте мәдениеттің қалай дамығанына дәлел бола алады. Ол орналасқан тау жынысының қатпары таскөмір дәуіріне тиесілі. Демек, әлгі алтын жіптің жатқанына 320-360 миллион жыл болған.

Дорчестерде (Массачусетс штаты, АҚШ) қопару жұмысы кезінде 1852 жылы кезіккен металл құмыра да сирек олжа санатына жатады. Қуатты қопарылыс қомақты тау жынысын жан-жаққа шашып тастайды. Соның арасынан қақ бөлінген металл ыдыс табылады. Оны қайта қалпына келтіргенде, биіктігі 11 сантиметрдей қоңырауға ұқсас құмыра шығады.

Құмыра түріне қарағанда мырышты немесе басым бөлігі күмістен тұратын құйманы көзге елестетін металдан жасалған. Бүйірі таза күміспен бедерленген алты түрлі гүл байламымен әшекейленген. Ал, төменгі тұсында буылған жүзім шыбығы бейнеленген, ол да күміспен көмкерілген.

Есеп-қисап көрсеткендей, құмыра тау жынысын қопарғанға дейін 4,5 метр тереңдікте жатқан. АҚШ геологиялық-барлау басқармасы жасаған Бостон-Дорчестер ауданы картасының мәліметінше, жергілікті тау жынысы Кембрий дәуіріне дейінгі кезеңге жатады. Яғни, 600 миллион жылдан асады. Қалыптасқан көзқарас бойынша, ол уақытта жерде тіршілік жаңа-жаңа пайда бола бастаған.

1870 жылы Иллинойс штатында 38 метр тереңдіктен табылған мыс монета өркениетке дейін де ақша жұмсау арқылы сауданың дамығанына дәлел. Қалыңдығы бірдей оның екі жағында белгісіз тілдегі жазу бар. Шамамен бұдан 200-400 миллион жыл бұрын беймәлім құрылғыны қолдану арқылы механикалық тәсілмен жасалған.
Өркениет 200-300 жылда өзгеріп отырады. Әлемнің басым бөлігінде оның қызметінің технологиялық ізі өшеді. Дәлірек айтсақ, еңбек құралы, тіршілік тәсілі, тағы басқа жағы ауысады.
Қазба барысында табылған затты зерттеу арқылы ғана өткенге болжам жасалады. Бүгін тілге тиек еткен оқиғаға оралсақ, адамзат бір сәт тас дәуірінде тоқтап қалғандай әсер аласың.

Ғаламторды қараған Әлібек ӘБДІРАШ.

Комментарии закрыты.