Қоғамдық Кеңесте тыңдалды

«Нұр Отан» ХДП Сәтбаев қалалық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа  қарсы күрес қоғамдық Кеңесі өзінің кезекті отырысын өткізді. Қоғамдық Кеңестің төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты И.Велиев отырысқа төрағалық етіп, жүргізіп отырды.

Бірінші қаралған мәселе – «Жезқазған кентінің әкімі аппаратында сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың орындалуы туралы» поселке әкімінің орынбасары Ғ.Шахтаев хабарлама жасады.
Күн тәртібіндегі екінші сұраққа байланысты «Нұр Отан» ХДП-ның сыбайлас жемқорлықпен күрес бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқандығы жайлы Сәтбаев қаласы жер қатынастары бөлімінің бастығы Л.Қараторғаева есеп берді.

Екі мемлекеттік мекемеде баяндаулары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңбұзушылық, партия мүшелері арасында партияның ішкі тәртібін сақтамаушылық болмаған.
Осы екі мәселеге сәйкес Қоғамдық Кеңес төрағасының орынбасары Б.Дәріпбаевтың анықтамасы тыңдалды.

Атқарушы билік органдарының жұмысын бақылаған қоғамдық Кеңестің ақпаратында «Нұр Отан» ХДП бағдарламасының барлық талаптарының орындалып отырғандығы, тексеріс кезінде ескертудің болмағандығы айтылды.

Атқарылған жұмыстар қанағаттандырарлық деп бағаланып, есептері есепке алынды. Отырысты қорыта келе, И.Велиев қатысушыларды қабылданған қаулымен таныстырды.

Жезқазған кентінің әкімі Е.Құсайыновқа мемлекеттік қызметкерлерінің білімін жетілдіру, қайта дайындаудан өткізу жөнінде және «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп өткізетін қоғамдық қабылдауларға Е.Құсайыновтың міндетті түрде қатысуы керектігі ұсынылды.

Жер қатынастары бөліміне тұрғындар арасында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, жерге қатысты заңдылықтарды кеңінен түсіндіру тапсырылды.

Майра Смағұлқызы.

Комментарии закрыты.