Жолақы тарифін көтеруді сұрады

Өткен аптада Сәтбаев қаласы әкімі жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы болып өтті. Онда қала нысандарының сыртқы безендірілуінің жай-күйі мен «НұрТрансСәт» ЖШС басшылығының көшеаралық маршруттарында тұрғындар мен жүк тасымалдаудағы жолақы тарифін көтеру туралы әкімдікке жолдаған хаты талқыланды. Кеңес отырысын оның төрағасы Марал Мәдиева ашып, жүргізіп отырды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қалалық қоғамдық кеңес арнайы рейд ұйымдастырып, оның қорытындысы осы отырысқа ұсынылған еді. Соның бәрі бейнеролик арқылы жұртшылықтың назарына ұсынылды. Бұдан соң қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Жайлаубаев күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасады. Оның айтуынша, қала көшелеріндегі көрнекі үгіттер мен нысандардың сыртқы безендірілуі тендер жұмысының кешеуілдеуінен сапасыз жағдайға жетіп отыр.Тендердің ұзаққа созылуынан кейбір кермелер мен билборд­тар уақытылы ауыстырылмай отырған көрінеді. Сондай-ақ, билбордтар мен кермелерді әзірлеу үшін де екі мекеменің келісімі қажеттігі жұмысқа қолбайлау болуда. Мәселен, ішкі саясат бөлімі көрнекі үгіт пен безендіру материалдарының мәтінін дайындаса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемесі оны жасауға қаржы бөледі. Осылай бірін-бірі күтіп жүріп уақыт өткізіп алатын жайттар аз емес.
Қоғамдық кеңес мүшелері осыған орай өз ойларын ортаға салды. Олар көрнекі үгіттің мәтінін де, материалын да әзірлеуді бір ғана мекеменің құзырына беру керек дегенді айтты. Сол сияқты, билбордтар мен кермелерді ілу және ауыстыру арнайы бір мекеменің меншігіне берілгені дұрыс деген ұйғарым жасады.
Отырыста сондай-ақ, дүкендер мен өзге ғимараттардың қабырғасына хабарландырулар мен жарнамалар жапсыруға тосқауыл қою мәселесі сөз болды. Ол үшін ірі сауда орындары маңына арнайы жарнама ілетін орындар әзірлеу қажет деген пікірлер білдірді кеңес мүшелері.
Қоғамдық кеңес отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «НұрТрансСәт» жауапкершілігі шектеулі серіктестік әкімшілігінің жол ақысын кем дегенде 90 теңгеге көтеруді сұрап, қалалық әкімдікке жолдаған хаты талқыланды. Бұл туралы серіктестіктің ресми өкілі хабарлады. Автобустардағы қазіргі тариф – 40 теңге, «НұрТрансСәт» ЖШС-ның шығындарын жаппай тұр. Коммуналдық төлемдер, несие, жұмысшылардың жалақысын айтпағанда, қоғамдық көліктердің күнделікті жанар-жағар майына, жөндеуге жұмсалатын қаражат бірнеше есе өсіп кеткен. Мұндай шығынмен жұмыс жасау мүмкін емес, дейді серіктестік басшысы Қайрат Балмағамбетов. Автопарктегілер шығындардың есебін жазып, жолақыны көбейтуді сұрап, қалалық әкімдікке бұрын да хат жолдаған. Жол ақысын бірден 50 теңгеге көбейту тұрғындардың қалтасына салмақ болатыны анық.
Әрине, халыққа сапалы қызмет көрсету үшін техникалық базаның талапқа сай болғаны абзал. Осы жағынан келгенде серіктестік әкімшілігінің бұл талабына түсіністікпен қарауға болар еді. Алайда, күн сайын аспанға шапшыған бағадан әбден шаршаған халықтың қамын назардан тыс қалдырмаған жөн. Осыларды ескере келіп қоғамдық кеңес мүшелері жол ақысының құнын 60 теңгеге көтеруге болады деген ұйғарым жасады отырыста. Әрине, оған серіктестік өкілдері келісе қойған жоқ. Жол ақысына қатысты түпкілікті шешімді қалалық әкімдік қабылдайды. Ұсыныс әуелі қалалық мәслихатта қаралуы керек. Отырыстағы әңгіменің ұзын ырғасына қарағанда жолақы құны 70 теңге болуы мүмкін.

Комментарии закрыты.