«Ұлы дала әуендері» Еуропада әуелейтін болады

Болгария Республикасының Пловдив, София, Варна қалаларында тұңғыш рет Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің «Ұлы дала әуендері» атты гастрольдік концерттері өтеді, деп хабарлайды BAQ.kz тілшісі.

Үстіміздегі жылы Қазақстан Республикасы мен Болгария Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына – 25 жыл. Аталған мерейтойға орай ұйымдастырылып отырған гастрольдік сапар ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Болгария Республикасындағы Елшілігі, Болгария Республикасының Мәдениет министрлігінің тікелей қолдауымен жүзеге асып отыр.
Гастрольдік сапардың мақсаты – Қазақстан және Болгария арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту, мемлекеттер арасындағы өзара мәдени байланысты нығайту. Қазақ өнерінің төл мәдениетін кеңінен насихаттау. Елімізде өтетін ЕХРО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің маңыздылығын айшықтау.
Гастрольдік сапар нәтижесі бойынша өнер ұжымдары мен меморандумға қол қойылып, мәдениет саласында тәжірибе алмасып, әріптестікті дамыту мақсатында жұмыс жүргізілетін болады.
«Ұлы дала әуендері» деп аталатын концерттің бағдарламасы халық күйлері мен қазақ композиторларының және әлемнің классик композиторлары Жорж Бизе, Антонио Вивальди, Имре Кальман, Иоганн Штраус, Андерсонның шығармаларынан құралып отыр. Сонымен қатар, болгар халқының халық әндері мен фольклорлық шығармасы орындалады» – дейді ұйымдастырушылар.

Комментарии закрыты.