ЕЛГЕ КЕРЕК ЕРЕКШЕ САЛА

Бүгін комбинаттың бас геологымен сұхбаттасуға немесе бір кеніштегі геология бөлімінің қызметін көрсетуге, әйтпесе, жапан даладағы жалғыз бұрғылау қондырғысынан фоторепортаж беруге әбден болатын еді. Бірақ, бұл жолы жылдағы «жырдан» саналы түрде бас тартып, осы саладағы кейбір түйінді мәселе төңірегінде ой тарқатуға талпындым.

Кімнің қалай ойлайтынын қайдам, өзіме осы геология қағажау қалған саладай көрінеді. Мәселе «министрлік» мәртебесінде емес, басқарудағы берекесіздікте. Қолдан-қолға өткен құрылымда қандай қадір қалады? Қазір Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті 2010 жылы наурызда «Индустрия және жаңа технолгия» атауымен құрылып, 2014 жылы «Инвестиция және даму» деген жаңасын иеленген министрліктің құрамында.
Геология мен медицинада мынадай ұқсастық бар: алғашқысы — жердің, кейінгісі адамның «денесін» зерттейді. Олай болса, «дене» дегенің жеке-жеке емес, «он екі мүшесі» тұтас тексерілуге тиіс. Медицинада солай, геологияда қалай? Мұнай мен газ — «Энергетика», қатты пайдалы қазба — «Инвестиция және даму» министрлігінің, су мен кең тараған пайдалы қазба жергілікті атқарушы органның «қанжығасында» кеткен.
Неге бұлай жіктеп отырмын? Өйткені, көптеген пайдалы қазба өзінің қалыптасу және даму тарихы, құрылымы мен қозғалыс ерекшелігі жағынан жер қойнауындағы геология зерттейтін бір жүлгенің құрамында кездеседі. Демек, геология — кешенді, тұтас және кәсіпқой қызметті қажет ететін өте айрықша сала. Өкінішке орай, оған жете назар аударылмайды, бірақ, бәріне пайдалы қазба керек! Ал, пайдалы қазбаны алу үшін, геологияны дамыту шарт.
Өмірде бәрі өткінші, бәрі өзгереді: өзеннің арнасы да, шатқалдың шеңбері де, тіпті тұтастай ландшафт та, көзқарас пен талап та. Мәселен, геологиялық карта кемінде 15 жылда бір рет жаңартылуға тиіс. Онда шөгінді тау жынысының жасы (стратиграфиялық бағана — авт.), магматизм мәселесі, жер қыртысы мен тау жынысының жекелеген үлгісі көрініс табады. Соның негізінде талданған барлық ақпарат жер қойнауын қайта қарастырғанда кәдеге жаратылады.
Ал, жер қойнауын геологиялық зерттеудің тиісті технологиялық тізбегі сақталмаса, сапалы жұмыс жүре ме? Осы саланың басы-қасында жүрген «қасқаның» өті жарылып кетсе де айтатын кейбір келеңсіз дерек бар: мәселен, жұмыстың жобасын кейде саланың сипатынан хабары жоқ біреу жасайды, басқасы орындайды; жоба бармай-көрмей көбіне кеңседе кесіп-пішілгендіктен, жұмыстың құны шырқап шыға келеді.
Таяуда Қарағандыда аймақта геологияны дамыту келешегіне көз жүгірткен кеңес өтті. Бүгінде бірнеше жер қойнауын пайдаланушымен 300-ге жуық келісім-шарт жасалған. Оның үштен екісі — «қатты», қалғаны «кең тараған» пайдалы қазбаға бағытталған. Соңғы үш жылда геологиялық-барлау жұмысына тартылған қаражаттың үштен біріне жуығы (9 миллиард теңгедей — авт.) Қарағанды облысына тиесілі. Қазір «Қазгеология» облыстағы 13 телімде 3,5 миллиард теңгеге бағаланған геологиялық-барлау жұмысын жүргізуде.
«Біз Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев сияқты моноқалада онға жуық жобаны жүзеге асырдық. Биылғы барлық жоба Жезқазған, Сәтбаев, Балқаш, Қаражал және Ақсу-Аюлы төңірегіне шоғырланған. Егер жоба жүзеге асса, тоқыраудан тарыққан бұл аймақтың экономикасы ілгері жылжуына жағдай туады» деп мәлімдеді кеңесте «Қазгеология» басшысы Ғалым Нұржанов.
«Қазгеология» Қарағанды облысында геологиялық-барлау жұмысын австралия-британдық «Rio Tinto», оңтүстік кореялық «Korea Resources Corporation», жапондық «JOGMEC» және түркиялық «Yildirim Holding» компаниясымен, немістердің тікелей инвестиция тартатын «ULMUS FUND» қорымен бірлесіп жүргізеді екен. Осы жерде көптен көкейде жүрген бір мәселеге көңіл аударсам деймін.
Әрине, әзірге инвестициясыз ілгерілеуге иек қышымайды. Алайда, нақты нысан болса әңгіме басқа, ал инвесторды қазақтың кең даласын дербес зерттеуге тарту ақылға қаншалықты қонымды? Жер қойнауындағы қазына — стратегиялық ресурс. Ендеше, ол туралы ақпаратты өзгенің білгенінен не ұтамыз? Тура тәржімалауға талантым жетпей отыр: «Кто владеет информацией, тот владеет миром» деген сөз бар ғой?!
Қазақстанда сынама талдайтын бірнеше зертхана бар, бірақ, қаржы институттары оның дерегін қабылдамайды. Ғ.Нұржановтың сөзіне қарағанда, оларда сертификаттаудың халықаралық үлгісі (стандарты) жоқ. Сондықтан, 2018 жылы тау жынысы сынамасын зерттейтін геохимиялық зертхана құрылысы қолға алынады. Құны 1,5 миллиард теңгелік ол жобаны «Қазгеология» австралиялық «ALS» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырады.
«Зертхананы Қарағанды облысында салуға шешім қабылданды. Ол орталық аймақ болғандықтан барлық сынаманы өзінде өңдеп, барлық мәліметті Қазақстанда қалдырады» деді Ғ.Нұржанов. Осы хабардан құлағдар болған жезқазғандық ардагер геологтар оның Жезқазғанда салынғанын жөн көріп отыр. Біріншіден, Қарағандыда орталық зертхана бар. Екіншіден, «Қазгеология» жүргізетін барлық барлау-іздестіру жұмысы негізінен осы өңірге шоғырланған. Бұл мәселенің қалай шешілетінін уақыт көрсетеді.
Негізі геология ешкімге салмақ салмайтын сала саналатын және тау-кен өндірісінен аударылған ақшамен қаржыландырылды — таза пайданың 8 пайызы қорды толықтыруға жұмсалды. Қалыптасқан тәртіп бойынша қордың өсімі өндірілген кеннің көлемінен әлдеқайда артық болды. Кейінгі кезде сол үрдістен айырылып қалдық. Соның салдарынан шикізат қорын шетінен кертіп алуды ғана білдік. Ал, саланы қалпына келтіру мен жаңғырту жеңіл-желпі шаруа емес.
Елде небір металлургиялық алып жұмыс істейді. Олардың болашағы шикізат қоры мен оның сапасына тікелей байланысты. Бұрнағы жылы моноқалалар аумағындағы минералдық шикізат базасын кеңейтуге бағытталған мақсатты бағдарлама қолға алынды. Іздестіру-бағалау және барлау жұмысы жүргізілуде. Бірақ, нақты нәтиже туралы айтуға әлі ерте. Бір нәрсе айқын — қор көбеймей және шикізат өңдеудің жаңа технологиясын таппай болмайды.
Мыңдаған меморандум да, атауынан ат үркетін әртүрлі сансыз іс-шара да, тіпті «Қазгеология» қызметі де геология саласын алмастыра алмайды. Қойнауы қазынаға бөккен Қазақстанға керегі — мықты маманы мен менеджменті, сауатты жасалған ұзақ мерзімдік жоба-жоспары бар, ғылымы қатар дамыған, қаржыландырудан қиындық көрмейтін қуатты геология! Сонда ғана салынған қаржының қайтарымына қол жетеді.

Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

Комментарии закрыты.