Сәнді де мәнді той өтті

«Қазақмыс» корпорациясының «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі игі істерге мұрындық болып келеді. Сондай шараның бірі Наурыз мейрамына арналды. Оған Жезқазған, Сәтбаев қалаларының еңбек ардагерлері шақырылды.

– Шығыс күнтізбесі бойынша тойланатын Жаңа жылымызды қарсы алуға кеңес мүшелері бір кісідей ат салысты, – дейді корпорация ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров. – Мереке дастарханының бүкіл мәзірін, тойды өткізудің сценарийін, сый-сияпаттарын ардагерлердің өздері дайындап шықты.
Наурызды қарсы алуға екі қаланың ардагерлерімен қоса, мысты қаланың мектеп оқушылары да тартылды. Олар Жарапазан айтып, ән шырқап, күмбірлеген күй төкті. Наурызға, тәуелсіз Қазақстанға арналған жырларынан шашу шашты.
Бұл күні ақ жаулықты әжелер мен ақ сақалды аталарды көктемнің мерекесімен құттықтау үшін «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалының орынбасары Бауыржан Шыңғысов, «Кәсіпқазақмыс» Жезқазған аймақтық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерболат Сатыбалдин келді.
Ардагерлер осы күні ата-бабаларымыздан қалған қазақтың салт-дәстүрлерін жаңғыртты. Қазақтың қонақжайлық дәстүріне сай жайылған дастархан басына жайғасқан ардагерлер Наурыз көжеден дәм татып, еттен, бауырсақ пен тәтті тағамдардан ауыз тиіп, бұрқыраған самаурынның шәйін ішті.
«Жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер» дегендей, елге танымал ауыл ақсақалдары Тағанбай Салқауов, Мұзараф Аханов, Дүйсенбай қажы Ахметов, Нығмет Ілиясовтар тілек айтып, қауым жұртқа бата бағыштады.

Мәди Әлжаппаров.
Суреттер автордікі.

Комментарии закрыты.