Сессия шешім қабылдады

Өткен жұмада Сәтбаев қалалық мәслихатының XXXIV сессиясы өтті. Оны сессия төрайымы, депутат Зәуреш Ысмағұлова ашып, жүргізіп отырды. Сессияның жұмысына қалалық мәслихаттың хатшысы С.Имамбай, депутаттар, қала әкімінің орынбасарлары және бірқатар мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.

XXXIV сессияның күн тәртібінде: «Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының Сәтбаев қаласында орындалуы туралы», «2010 жылға арналған қалалық бюджеттің орындалуы туралы есеп», «2011-2013 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Сәтбаев қалалық мәслихатының 2010 жылғы 23 желтоқсандағы XXXIII сессиясының №385 шешіміне өзгерістер енгізу туралы», «Сәтбаев қаласының №1 мектеп-гимназиясына Х.Т.Жомартбаеваның атын беру туралы», «Қалалық консультативтік-кеңесші органның құрамын бекіту туралы», «Қалалық мәслихаттың XXXV сессиясының төрағасын сайлау туралы» және т.б. мәселелер қаралды.

Бірінші мәселе бойынша қалалық білім, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Ш.Жанасылова  есеп берді.

– Қазіргі таңда білім жүйесіне қырық бір мекеме қарайды. Оның құрамында 16 мектеп, 16 мектепке дейінгі мекеме, 3 қосымша білім беретін мекеме, 1 балалар және спорт мектебі, 1 кәсіптік мектеп және 1 технологиялық колледж бар. Жалпы қаламыздың білім жүйесі білім берудің 2011-2015 жылғы мемлекеттік даму бағдарламасына сәйкес дамуда. Жетістіктермен қатар  тез арада шешілуі тиіс мәселелер де жоқ емес. Қазіргі кездегі бізді алаңдататын ең өзекті мәселенің бірі – мамандармен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда бізге орыс тілді мектептерге орыс тілі, физика, химия, математика, дене шынықтыру, бастауыш сыныптың мұғалімдері жетіспейді. Шақырылған жас мамандарға қаламыз көтерме қаражат пен баспана беруге жағдайы келмегендіктен, олар бізге келуден бас тартады. Жас мамандарға арналып үй немесе жатақхана салынса, біз басқа қалалардан мұғалімдерді шақыртып, балаларды оқытар едік. Осыған орай, қала басшылығы жас мамандарды қалаға тарту жұмыстарына қатысты сұрақтарды тез арада шешсе екен дегіміз келеді, – деді Шынар Жанасылова.

Білім бөлімінің бастығы сөзін аяқтаған соң, депутат Серік Орал «Мектептерде кейбір мұғалімдердің денесін ашып жүруіне, шалбар киюіне және оқушы балалардың хиджап киюіне қалай қарайсыз?» деген сұрақ қойды.

– Оқушылардың хиджап киюіне мен қарсымын. Бірақ, бұл заңды түрде бекітілмегендіктен, біз ештеңе істей алмаймыз. Қазір қала бойынша хиджап киетін 8 оқушы бар. Біз олардың ата-анасымен тығыз қарым-қатынас жасап жүрміз. Ал, мұғалімдердің шалбар киюіне келетін болсақ, біз олардың іштерін ашып жүруіне жол бермейміз. Ол жөнінде әр мектептің директорлары өз ұжымдарымен әрдайым жұмыс жүргізіп отырады, – деп жауап берді Шынар Қаппасқызы.

Күн тіртібіндегі қалған сұрақтар бойынша қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Г.Есмұрзаева, қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің бастығы М.Бапов, қалалық қаржы бөлімінің бастығы Е.Сакеев және басқалар жауап берді.

Барлық қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылданды.

Сессия соңында қалалық мәслихаттың келесі сессиясының төрайымы болып Ә.Сәденова сайланды.

Сессия бір-ақ тілде жүргізілді. Мемлекеттік тілде емес.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.