Елбасы қазақ тілі жайлы пікір айтты

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада журналистермен кездесуінде қазақ тілінің дамуы жайлы пікірін айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Сұхбат республикалық телеарналардың эфирінде көрсетілді.

« (…) Қаймығып қалғанбыз. Тілімізден де, мәдениетімізден де айырылып қала жаздаған халықпыз. Сол қорқыныш, үрей бар. Әсіресе, үлкен буындарда, менің құрдастарымда. Тіліміз дамып келе жатыр еді, қайтадан қалып қалмай ма деп уайымдайды. Қазір Қазақстанда қазақтың тіліне қарсы бір адам жоқ. Жоқ. Мәселе өзімізде, қазақтарда. Қолға алып, осы тілді жетілдіру керек. Мысалы, кейбіреулердің Президент қазақша сөйлемей болмайды деп айтатынын білемін. Бізде 100 ұлт пен ұлыстар отыр. Соның барлығы Президентті сайлайды, соның барлығы Президенттің сөзін түсінбесе қалай болады? Сондықтан мен екі есе көп жұмыс істейтін адаммын, орысша да, қазақша да. Ресейдің, Американың, Түркияның Президенттері өз тілінде сөйлейді, ал мен екі тілде бірдей сөйлеп отырған адаммын. Сондықтан бұл мәңгілік бұлай болмайды. Қазірдің өзінде қазақтың саны 70 процентке жақындап келеді. Мен айтқандай, 2025 жылға дейін дайындалып, біз қазақтың тілін барлық жерде енгізуге жұмыс жасаймыз. Бірақ солай екен деп, біле тұра басқа тілдерден ажырап қалуға да болмайды. Өкініп, айырылмайық деген мәселе емес, мәселе мәдениетте, қанша тіл білсең, соншалықты мәдениеттісің. Қазаққа орыс тілі арқылы дүниенің әдебиеті мен ғылымына жол ашылды. Ал Жолдауда айтылған мәселелерді орындау үшін ағылшын тілі керек», — деді Елбасы.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы көп тіл білуді қазақтың тіліне зиян келтіреді деп ойламау керек екенін және латынға көшуіміз керек екенін айтты.  «Қазақтың тілі, қазақтың әдебиеті. Қазақтың жазушылары, зиялылары айтатынын білемін, жанымыз ашымайды деп айтуға болмайды ғой. Қазақтың мәдениет жылы деп қанша мәдениет ошақтарын аштық. Қазір университеттерде қазақша сабақ берілетін болды. Біз ептеп-ептеп латынға көшуіміз керек. Шетел терминдерін қазақтың тіліне енгізіп, тілді байытудың орнына біздің лингвистік комиссия неше түрліні ойлап тауып, аударады. Марқұм Еркеғали Рақымғали өле-өлгенше «Мен өмір-бақи композитор едім, сазгер болдым енді. Менің пианином күйсандық болды» деп айтып кетіп еді. Пианино барлық елде осылай айтылады, неге осы сөзді тілімізге енгізіп, байытпасқа? Балконды қылтима, процентті пайыз дедіңдер, пайыз деген сөзді мен қолданбаймын. Барлық елде процент дейді. Өз ішімізде, елімізде, мемлекеттік басқару органдары өз тілімізде жүретін болады Құдай бұйыртса. Бірақ оған асығыстық жасаудың ешқандай қажеті жоқ. Елімізде тыныштық, өзара сенім, барлығының құқығын қамтамасыз ету, дін, мәдениет, тіл бойынша ешкімді де шектемейміз, әркім өз мәдениетімен, өз тілімен өмір сүрсін. Бұл қалыпты жағдай», – деп атап өтті Елбасы.
Ғаламтор желісі бойынша әзірленді.

Комментарии закрыты.