Ардагерлер кеңесі

Биыл еліміздегі ең үлкен қоғамдық ұйымдардың бірі – республикалық ардагерлер кеңесінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осыған орай, өткен аптада әкімдіктің кіші залында салтанатты жиын өтіп, оған соғыс және тыл ардагерлері, кеңес мүшелері мен мекеме жетекшілері қатысты.

Алғашқы сөзді алған қаламыздың ардагерлер ұйымының төрағасы Шермұханбет Байбосынов алдымен бүгінгі шараға жиналған қазыналы қарияларды айтулы мерейтоймен құттықтап, ардагерлер ұйымының қарт адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, оларға материалдық және моральдық қолдау білдіруге зор үлес қосып жатқандығын айтты.
Келесі құттықтау сөз кезегі қалалық мәслихаттың хатшысы Татьяна Хмилярчукке берілді.
– Қаламыздың ардагерлері мен тыл еңбеккерлері өскелең ұрпақтың жүрегіне ұлтқа деген патриоттық рухты ұялатып, Отанына деген сүйіспеншілікті санасына сіңіруде алар орны ерекше. Сонымен қатар, қаламызды дамытудағы ерен еңбектеріңіз бен саяси-қоғамдық өмірге атсалысып, белсенділік танытып жүргендеріңізді де айта кетуіміз қажет. Біз сіздердің өмірлік тәжірибелеріңізді бағалап, кеңестеріңізге құлақ асып жүреміз. Аға буын өкілдері салған сара жолды болашақ ұрпаққа мирас ету – біздің басты парызымыз, – деді Т.Хмилярчук.
Одан әрі бірқатар азаматтар «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық кеңесінің Құрмет грамотасы және дипломдарымен, Алғыс хаттармен марапатталды.
Салтанатты іс-шара жергілікті өнерпаздар дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.

М.Шахаева.

Комментарии закрыты.