Ырыс пен ынтымақтың мерекесі

Наурыз мейрамы сән-салтанатымен тойланды

Жыл басы, Ұлыстың Ұлы күні – әз Наурыз мерекесін кеншілер қаласының жұртшылығы биыл да бар сән-салтанатымен атап өтті. Қаланың орталық алаңына мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың және «Қазақмыстың» ірі кәсіпорындарының ұйытқы болуымен 14 киіз үй тігіліп, Қаныш атындағы даңғыл бойында үлкен этноауыл  бой көтерді.

Бұл күні негізгі мерекелік шара жазғы эстрадада өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары осы алаңға жиналып, «Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз, қош келдің!» атты мерекелік қойылымды тамашалады. Жараулы атқа мінген жігіттер ақшаңқан ауылды аралай жүріп, «Жарапазан» айтып, жұртты Наурыз тойына шақырғаннан кейін той салтанаты да басталды. Ең әуелі этно-мәдени орталықтардың шеруі болды. Ұлттық киімге малына киінген әр ұлттың өкілдері Ұлы Дала елінде ұлттық татулықтың бекем орныққанын бір дәлелдеп бергендей болды осы шеру арқылы.
Шерумен бірге қалың бұқара жаздық эстрада сахнасының алдына жиналды. Мұнда ел басқарған азаматтар қала жұртшылығы мен қонақтарын Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтады. Алғашқы болып сөз алған қала әкімі Асқар Ыдырысов кеншілер қаласының наурыздан наурызға дейінгі нақты жетістіктерін қысқаша баяндап берді.
– Құрметті жерлестер және қала қонақтары! Барлығыңызды ырыс пен берекенің бастауы – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Наурыз – ежелден келе жатқан ата-бабамыздың мерекесі. Қай кезде де  молшылықтың, татулықтың мерекесі болып келеді. Бұл –  тек қазақ ұлтының ғана емес, Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлттың мерекесі. Біздің кеншілер қаласында да түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті тұрып жатыр. Олар туған қаланың игілігіне адал еңбек етіп қана қоймай, ортақ мерекелерді де бірге атап өтеді. Күннің салқындығына қарамастан бүгін, міне, әр ұлт ортақ мерекемізді атап өтіп жатыр.
Сәтбаевтықтар өткен жылды  негізгі саяси-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсіммен аяқтап, Наурыз мейрамын лайықты қарсы алып отыр.

Қаламыздың батыс аймағында шаңырақ көтерген шағынаудан тұрғындары биылғы Наурызды жаңа қоныстарында қарсы алып жатыр. Әлі де бірнеше ондаған отбасылар өндіріс аймағынан осы шағынауданға қоныс аударатын болады. Жалпы сәтбаевтықтардың игілігі үшін салынатын әлеуметтік, мәдени нысандар құрылысы әлі де жалғасатын болады, – деген қала әкімі жұртшылыққа игі тілегін де жолдады.
Бұдан кейін «Қазақмыс» Корпорациясы» кен өндірістік кешенінің бас директоры Саят Бәкіров пен Сәтбаев қалалық мәслихатының хатшысы Татьяна Хмилярчук сөз алып, елге деген ақжарма тілектерін жеткізді.
Осы шағын салтанатты рәсімнен соң мерекелік қойылымдар басталды. Жергілікті өнерпаздар ән салып, би биледі. Жыл басына арналған театрландырылған көріністер қойылды. Сәтбаев қаласы әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы басшылығының кеншілер қаласы жұртшылығына арнаған басты той шашуы осы қаладан түлеп ұшып, бүгінде қазақ өнерінің көгінде жұлдыз болып жарқыраған жас өнер тарланы Нұржан Керменбаев пен бүгінде үлкен өнер додаларында топ жарып жүрген жас өрен, жезқазғандық жас талапкер Мәди Аманбаевты кенді шаһарға арнайы шақыруы болды. Ән сүйер қауым қос тарланды тамсана тыңдап, қошемет көрсетті.
Наурыз тойы осылайша кезең-кезеңімен өрбіп жүріп жатты. Қала әкімі бастаған құрметті қонақтар киіз үйлерді аралап, наурызкөжеден ауыз тиді. Қала шеберлерінің қолөнер көрмесін тамашалап, бал бармақ шеберлермен әңгімелесті.
Бұл күні жұртшылық жағалай тігілген киіз үйлерге кіріп, наурызкөже мен ыстық бауырсақтан ауыз тиді. Қала басшылығының ұйғарымымен биыл алаңда он метрлік үстел құрылып, елге 50 литр наурызкөже, 20 келі бауырсақ, 2 нән қазан палау пісіріліп, таратылды. Киіз үйден орын таппаған ел осы жерден-ақ мерекелік мәзірден ауыз тиіп, мәре-сәре болысты.
Күн салқын болса да алаңға жиналған көпшіліктің көңіл күйі көтеріңкі болды. Қала тұрғыны Асқар Құтжанов Сәтбаев қаласында мерекенің ерекше ұйымдастырылғанын айтты.
– Наурыз мерекесін ұйымдастыруы көңілімнен шықты. Күн суық болса да халықтың ықыласы ерекше. Әсіресе, жағалай тігілген киіз үйлер ерекше безендірілген. Тегін көже мен бауырсақ таратылып жатыр. Жерлестерімді мерекемен құттықтаймын! – деді.
Жалпы бұл күні  мерекелік бағдарламалар, байқаулар, спорттық ойындардан толас болған жоқ. Әр киіз үй ұлттық нақышта безендіріліп, үй ішіне қазақ халқының салт-дәстүрін, тұрмыстық ерекшеліктерін бейнелейтін бұйымдар қойылып, дастарқан жайылды. Ең үздік деген киіз үйлерге арнайы орындар беріліп, олар дипломмен, бағалы сыйлықпен марапатталды.

Ізтай Белгібайұлы.
Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.