Дүзен тағлымы және бүгінгі ұрпақ

Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған Азаттық таңының атып, қазақ елінің тәуелсіздік алғанына күні кеше ғана 25 жыл толды. Осы ширек ғасырлық мерейтой қарсаңында ел мен жер тарихына зер салып жүрген зерделі оқырманды елең еткізген бір кітап қолымызға тиді. Алматыдағы «Ғылым ордасы» баспасынан «Дүзен» атты хикаят жарыққа шықты. Қасиетті Ұлытаудың аты алты Алашқа тараған ұлдарының бірі – Дүзен Сандыбайұлының өмірін арқау еткен кітаптың авторы — ақын, жазушы, Қазақстанның құрметті журналисі Батырбек Мырзабеков.

«Дүзен» хикаятының жарық­қа шығуының тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойымен тұспа тұс келуінде де бір заңдылық жатқандай. Себебі, Дүзеннің де, оның әкесі Сандыбай батырдың да, атасы Төлек батырдың да өмірлік ұстанымы қазақтың азаттығына, ұлттың қамын жеп, байтақ елдің тұтастығы мен бірлігіне қызмет ету болатын. Ата-әке-бала арасын берік байланыстырған осы тектіліктің бүгінгі күні де жалғасын тауып жатқаны, ұрпақтар сабақтастығының үзілмегені қандай жарасымды. Төлек-Сандыбай-Дүзен ұрпақтары біркісідей жұмылып, қолдағы бар деректі ұсынып, хикаяттың жазылуына мұрындық болса, батыр бабалардың енді бір ұрпағы Саят Шарафиденұлы Бәкіров кітаптың жарыққа шығуына демеуші болыпты. Арада қанша ғасыр өтсе де ұрпақтар сабақтастығының алтын жібін­ің үзілмей жалғасып келе жат­қанының жарқын көрінісі осы емес пе?! Ерліктің ұрпаққа – ұран, елге мұра болып қала беретіні осыдан көрінеді.
Қандай да болмасын көркем шығарманың құндылығы оның тәрбиелік маңызымен, оқырманға беретін тағлымымен, өнегесімен өлшенеді. Осы тұрғыдан келгенде «Дүзен» хикаятын елдікті, ерлікті, ел бірлігін жырлаған дастан десе де болғандай. Олай дейтініміз, хикаяттың басты кейіпкері Дүзен Сандыбайұлының саналы ғұмырына арқау болған негізгі желінің өзі – елдік, ерлік мәселесі.
Хикаятта байтақ далада мыңғыртып мал өсіріп, түгесілмес ен дәулеттің иесі бола жүріп, елдің қамын жеп, ой баққан, кең ойлап, кемел толғайтын ақылға бай Тұлға бейнесі сомдалған. Бүтін бір әулеттің тарихынан шым-шымдап сыр шертіп, Дүзендей тұлғаның адами болмысының, азаматтық келбетінің қалыптасуына ықпал еткен жағдайларды жіпке тізгендей жүйелі баяндайтын шығарма қазақ елінің басынан өткерген қилы-қилы тағдырын, мына байтақ даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, қазақ жерінің, елінің тұтастығын, бірлігін, елдігін ұрпағына аманат еткен батыр бабалардың қаҺармандыққа толы ғибратты ғұмырын шыншылдықпен әңгімелейді. Бағаналы Төлек батыр Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбайлармен бірге қазақ елін жоңғар шапқыншылығынан қорғап, көзсіз ерліктің үлгісін көрсетсе, Төлектің ұлы Сандыбай он бес жасқа толар-толмаста «Сандыбайлап» жауға қарсы шауып, атын ұранға айналдырып, қоқандықтарға қарсы соғыста батырлығымен танылады. Дүние есігін ашқаннан батырлық мектебінің өнегесін көріп, қалың қазақтың қамын жеу – азаматтық борыш, ер жігіттің парызы – елін, жерін қорғау, ел бірлігін сақтап, нығайтуға қызмет ету деген қастерлі қағиданы бойына сіңіріп өскен Сандыбай батырдың үлкен ұлы Дүзеннің өзі өмір сүрген кезеңнің айтулы тұлғасы болмауына еш хақысы жоқ болатын. Себебі, елін, жерін сүю тектіліктің белгісі, ал тектілік оның бойына атаның қанымен, ананың сүтімен дарыған. Далалық соғыс өнерінің қыр-сырын бала кезінен жетік меңгеріп өскен оның бойында жаудан беті қайтпайтын жүректілік, батырлық қасиет жеткілікті, бірақ ержете келе Дүзен саналы түрде «Адамға Алланың берген басты аманаты – жаны, жанға қиянат жасағым келмейді» деп батырлық жолды ұстаудан бас тартады. Елге қорған болудың жолын ақыл көзімен барлай бастайды. Ел билігіне араласады. Бағаналының төрт босағасының ішіндегі бірлікті сақтауға, ағайын арасындағы татулықты нығайтуға еңбек сіңіреді. Аманатқа адалдық – Дүзен бабаның өмірлік ұстанымы. Әкесі Сандыбай батырдың өмірден өтер алдындағы «Ерденді өзіңе тапсырдым. Өзің тәрбиелеп, жеткізерсің» деген өсиетін абыроймен орындап шығады. Әке аманатына адалдықтан айнымай інісі Ерденнің ақылды, білімді, жүректі болып ержетуіне бар мүмкіндікті жұмсап бағады. Бұл кез орыс патшалығының қазақ даласына сұғына еніп келе жатқан тұсы. Алдағы уақытта қалың қазақтың алдынан шыққалы тұрған алмағайып заманды көрегендікпен болжай білген ол Петербордан арнайы мұғалімдер алдырып, Ерденнің толыққанды білім алуына, бірнеше шетел тілін меңгеріп шығуына жағдай жасайды. Ел билігіне араластырып, шыңдайды. Сегіз жасынан бастап Дүзендей алғыр, ақылды ағаның тәрбиесінде болған Ерден ақыр соңында орыс патшасы билігі маңында жүргендерден ақылы, білімі, айбаты асып түспесе кем түспейтін, елге тұтқа болған азамат болып ержетеді. Орыс патшасының қызметінде жүрсе де Дүзен ағасынан алған өнегеге сай қазақтың мүддесіне қызмет қылады.
Ерден сұлтан ағасы Дүзенмен бірге қазақтың соңғы ханы Кенесары бастаған ұлт азаттық көтерілісінің тілекшісі болды. Кейін Кенесары қырғыз манаптарының қолынан қаза болып, көтеріліске қатысушылар патша тарапынан қуғынға түскен кезде аға ақылымен Кенесарының сенімді серігі болған Ақжолтай Ағыбай батырды жазалаудан құтқарып қалады. Жәуке батырға да осындай көмек көрсетеді.
«Отанды сүю иманнан» дейді халқымыз. Аузынан Алласы, қолынан Құраны түспеген имандылық жолын берік ұстанған Дүзен Сандыбайұлы аманатқа адалдықтан айнымай, әулетін ардақтап, бауырға мейірбан, ағайынға қорған бола жүріп, өзі де адамдықтың биік шыңын бағындыра берді.
Отан деген ұғым отбасынан басталатыны түсінікті. Отбасы, әулеті – әркімнің кіші Отаны. Сол кіші Отанды құрметтеп, сүйе білген адам үлкен Отанының да нағыз патриоты болады. Дүзен Сандыбайұлы да өз отбасын, өз әулетін құрметтеу, ағайынды ардақтау арқылы қалың елі қазағын сүйді. Ол дүние есігін ашқанда әкесі Сандыбай батырдың баласы болды. Ержеткен жігіт шағында Бағаналы елінің қамын жеді. Ал нағыз кемеліне келіп ақылы мен қайраты қатар толысқан тұста Қазақ деген халықтың қамын жеген Тұлғаға, халықтың ұлына айналды. Дүзен есімінің арада екі ғасырдай уақыт өтсе де халықтың жадынан өшпей, ұмытылмай келе жатуының сыры да осында жатса керек. «Дүзен» хикаятын оқып шыққан соң біз түйген ой міне, осындай.
Қорыта айтқанда, «Дүзен» хикаяты – «Мәңгілік ел» болуды мұрат тұтқан Қазақ елінің болашағы жас ұрпақты елді, жерді сүюге, ел бірлігін сақтауға, отаншылдыққа баулуға қажетті таптырмас тәрбие құралы. Хикаяттың өлкетану тарихына қосылған сүбелі үлес екенін де атап айту ләзім. Ендігі бір қолға алатын шаруа – Дүзен Сандыбайұлын есте қалдыру мәселесі. Ол үшін Сәтбаев қаласында Дүзен Сандыбайұлының атына бір көше берілсе деген ой бар. Бұл айтылған ойды қалалық мәслихат депутаттары, қала ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері қолдаса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Өскелең ұрпаққа Дүзен баба тағлымына сай тәрбие бере білсек, жаһандану дәуірінде келешекке берешек болып қалмасымыз анық.

Сара СМАҒҰЛ, Қазақстан Журналистерінің «Жүректен – жүрекке» Ұлттық байқауының жеңімпазы, облыс әкімінің «Алтын Сұңқар» сыйлығының иегері, «Ұлытау және Ұлт» журналының бас редакторы.

Комментарии закрыты.