Шабал апай ізімен

«Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы – мұғалім, алты алаштың баласы бас қосса,қадірлі орын мұғалімдікі» – деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, № 27 мектебіміздің тарихында көшбасшы боп танылған тау тұлға – Шабал Бейсенбекқызы. Өз жарығын басқаларға арнап, ұлт болашағы – жас ұрпақ санасына өнер-білім жарығын сыйлаған жанға, яғни, ел мен ұлттың көсегесін көгертетін қоғам қайраткеріне қай елдің болса да құрметі бөлек, ерекше. Әлі күнге дейін №27 іргелі мектеп жергілікті тұрғындар арасында «Шабалдың мектебі» боп қалыптасқан. – Жуырда мектебімізге немересін алып келген ата-ана: «Бұл мектепте өзім де оқығанмын, балаларым да осы мектептен білім алған, енді немерем де осы киелі шаңырақтан тәлім-тәрбие алса», – деген шат үн мен үкілі үмітін ақтарып салды, – дейді мектебіміздің қазіргі директоры Зәмзәгүл Киянова ұжым жиналысында. – Шабал Бейсенбекқызының аты мектебіміздің тарихында қалары анық. Ұстаз беделін арттырған жемісті еңбектері, жүріп өткен жолдары кейінгі ұрпаққа, мына біздерге үлкен сабақ, үлкен сара жол болары анық. Олай болса, «ұстаз» деген қасиетті ұғымға адал болып, апай үрдісінің тоқтауына жол бермейік!» – деген жүрекжарды ойымен бөлісті.

Бүгінде мектеп ұжымы осы игілікті істердің жалғастырушысы болып, шәкірттеріне нәтижеге бағытталған білім бере отырып, бәсекеге  қабілетті  тұлға тәрбиелеуде. Шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беруде мектептің педагогикалық ұжымы Білім Заңын басшылыққа ала отырып, жаңашылдықпен, шығармашылықпен жұмыс жасауда. Жас ұрпақ санасына білім нәрін сіңіруде талмай еңбек ететін тәжірибелі ұстаздарымыз да баршылық. Оқу-ағарту ісінің үздігі Жұмағали Құлманов ерен еңбегі үшін «Қарағанды облысының білім саласына еңбегі сіңген қайраткері» төсбелгісіне ие болды, ал К.Жүнісова, С.Ашықбаев, М.Нүркеева, Б.Абилдина, Б.Баймағанбетова, А.Ома­рова, С.Шынжырбекова, Р.Омарова, Е.Ибраева, К.Смайлова, Т.Айтқалиева, М.Қожахметова, А.Мұқажанова сынды ұстаздарымыз әр пән бойынша қашықтықтан өткізілген республикалық олимпиадаға оқушыларын қатыстырып, жоғарғы жүлделі орындарды иеленуде, әрі «Болашақ» академиясының ұйымдастырылуымен өткен «Заманауи әлемдегі ғылым мен білім» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

Мектеп ұжымы әр жылда жас ұстаздармен толықтырылып отырады. Жас ұстаздар білім саласы жолындағы алғашқы қадамын мектебіміздің «Мектеп шежіресі» мұражайына саяхатынан бастайды. Бұл алтын қордың негізгі тұлғасы Шабал Бейсенбекқызы – жас ұстаздар үшін шамшырақ. Осы орайда, жас ұстаздардың ішінен де талпынысы мол, ұстаздық қасиеті қалыптасқан бірнеше мұғалімдерді ерекше атап кетуге болады. Олар – Ж.Баймұханова қалалық «Жыл мұғалімі-2016» байқауында бас жүлдені қанжығасына байлап, облыстық байқауға қатысса, Г.Қазанбаеваның оқушылары Дана Жылқайдар республикалық ХVІІ Абай оқуларының қалалық кезеңінде бас жүлдені жеңіп алып, облыстық байқауға қатысты, ал Ильхам Құдайбергенов «Жарқын болашақ» VІІІ республикалық «КАТЕV» қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңінде «Сөз шеберлері» конкурсында ІІ орын иеленді,ал бастауыш сынып мұғалімі А.Айтлеуова – математика пәні бойынша «Дарынды оқушылармен жұмыс», «Үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс», «Бастауыш сынып оқушыларына арналған мазмұндама жинағы» «Бастауыш сынып оқушыларына арналған диктанттар жинағы» тақырыбындағы бірнеше авторлық бағдарламалардың иегері.
Сонымен қатар, мектеп оқушылары жылма-жыл, осындай республика, облыс көлеміндегі түрлі білім бәсекесінде топ жарып, қалалық пәндік олимпиадаларда жеңімпаз атанды. Мектеп түлектері оқуға деген ынталарымен көп бағдарламалар бойынша Польша, Қытай елдерінде білім алуда. Әр оқу жылында Ұлттық бірыңғай тест – білім сапасының басты көрсеткіші десек, 2016 оқу жылында қаламызда 15 білім ордасы болса, ҰБТ нәтижесі бойынша мектебіміз алғашқы «бестіктің» қатарына енді. 100–ден жоғары балл алған үш оқушымыз грант иегері болды. Биылғы оқу жылынан да күтеріміз мол… «Алтынға үміткер» бір оқушымыз бар, бағы жанса екен дейміз.

Қарашаңырақ – №27 білім ошағы жылдар сайын күміс қоңырауын сыңғырлата береді. Апай ізімен осылай ұстаздар ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек ете берсе, білім ұясынан елге танылар әлі талай айтулы адамдар тәрбиеленіп шығатынына еш күмән жоқ.
Үлкен жүректі ұстазымыз бүгінгі күні зейнеткерлік демалысқа шықса да, мектеп өміріне алаңдап отыратын, қуанышты бөлісіп, тыныс-тіршілігімізден хабардар болу дағдысынан жаңылған жоқ. Әрі өмір белестеріндегі өз қуанышын да мектеп ұжымынсыз атап өткен емес. Биылғы шуақты көктемде КСРО және Білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Оқытушы-әдіскер» атағының иегері, «Ы.Алтынсарин атындағы медальдың» иегері, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің, «Сәтбаев қаласының құрметті азаматы», «Алтын алқа» белгісінің, «Құрмет» орденінің иегері, абыз ана, парасатты ұстаз Шабал Бейсенбекқызы мерейлі 80 жасқа толып отыр. Аңызға айналған ұстазбенен ортамыздың толуы – ұжым үшін бір бақыт!

Ел арасында «Шамшырақ ұстаз» атанған Шабал Бейсенбекқызы отбасында Ардақты ана. Отағасы Мұзараф ағамен шаңырақ көтергеніне, міне, 60 жыл өтіпті. Бүгінде «Гауһар той» иелері өздері еккен дәннің мәуелі жемісін көріп отыр. Үлгілі отбасы ұл-қыздарын ел мүддесіне адал қызмет етер білімді де білікті етіп тәрбиеледі.

Ұлағатты ұстаз, қамқор ана атанып, даңқ асқарынан да, билік шыңынан да, байлық базарынан да баянды, солардың бәрінен де мәнді, бәрінен де салтанатты ұстаздық ілімімен, ибалы мінезімен ұштасқан ұлы еңбегі халықтың бағасына ие болды. Міне, бұл нағыз еңбек, нағыз дарын деп айтуға болады. Тіпті №27 киелі шаңыраққа Шабал Бейсенбекқызының есімі берілсе де, қала тұрғындары үшін бұдан асқан шексіз қуаныш болмақ емес! Өйткені, Шабал апайдың ғибратты ғұмыры, еңбек жолы – кейінгі ұрпаққа, ұлт болашағына тағлымы мол, үлгі-өнеге боларлық даңғыл жол.

Руслана Қапарова, «№27 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ директордың оқу-әдістеме жұмысы жөніндегі орынбасары.

Комментарии закрыты.