Шабал мектебіндегі салтанат

«Шабал апайдың мектебі» аталып кеткен №27 жалпы білім беретін қазақ мектебінің ұжымы осы білім ордасын 20 жылдан артық басқарған Ш.Бейсенбекқызын ерекше салтанатпен қарсы алды.

Шабал апай мектеп табал­дырығын аттағаннан бастап қаз-қатар тұрған оқушылар, ұстаздар, қала мектептерінің басшылары аса құрмет көрсетті. Кеңес заманында болған қызыл галстукті пионерлер салтанатты түрде ұлағатты ұстазға рапорт берді.
Мектептің салтанатты жиындар өтетін залында Шабал Бейсенбекқызын қошеметтеу рәсімі өтті. Мектеп директоры Зәмзәгүл Қиянова салтанат себепкеріне арналған жүрекжарды сөздер айтып, «Кездесейік, жүздесейік әрдайым» атты кеш қонақтарына «қош келдіңіздер» деді.
Сәтбаев қаласындағы 15 мектеп басшылары да жылы сөздерін ұстаздардың ұстазына арнаса, кезінде Шабал апайдан дәріс алған шәкірттері, өзімен бірге білім саласында еңбек еткен әріптестері сол жарқын жылдарды еске алды.
Салтанатты кеш мектеп ұжымының көркем­өнер­паз­дарының орындауындағы ән, би, күймен өрнектелді. Кеште «Қаныш Сәтбаев пен Шабал Бейсенбекқызының 2-ші кездесуі» атты сахналық көрініс көрсетіліп, мектеп жанынан құралған «Ақ әжелер» ансамблі қазақ халық әндерін шырқады.
Салтанат соңында Шабал Бейсенбекқызы жиналған қауымға өз қошеметін білдіріп, осындай тамаша кеш ұйымдастырған №27 қазақ мектебінің ұжымына алғысын айтты.

P.S.: Сөз орайында айта кетейік, 2012 жылы республикалық «Педагог» журналында «Мектепке Шабал аты берілсе, жақсының жақсылығы ұрпаққа өнеге болар еді» атты мақала жарияланған еді. Онда Сәтбаев қаласының өсіп-өркендеуіне еңбек сіңіріп келе жатқан бір топ азаматтар, Шабал ұстаздан әр кезде дәріс алған оқушылары Ш.Бейсенбекқызының кеншілер қаласындағы қазақ мектептерінің қарашаңырағы – №27 қазақ мектебіне сіңірген орасан зор еңбегі мен үлесін айта келе, осы мектепті ұлттың алтын бесігіне айналдырған тұлға – Шабал Бейсенбекқызының есімін беру жөнінде ұсыныс айтқан болатын.
Жүрек қалауынан туған осы ұсыныс әлі күнге дейін елеусіз қалып келеді. Мұндай орынды өтінішке ел тізгінін ұстаған азаматтар, білім саласын басқарып отырған басшылар да үн қосып, қолдайды деген үміт әлі де бар. №27 қазақ мектебі шын мәнінде ресми түрде «Шабал мектебі» атанса құба-құп болар еді.

Мәди Әлжаппаров. Сурет автордікі.

Комментарии закрыты.