Сарыарқа дарыны – 2017

Қазақ халқының салт-дәстүрлерін насихаттау, жастардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мен қолдау, жас ұрпақты тәрбиелеудегі сабақтастықты нығайту мақсатында өткен жұмада балалар өнер мектебінде «Сарыарқа дарыны – 2017» атты VIII аймақтық өнер байқауы өтті. Оған Сәтбаев пен Жезқазған қалаларының жас өнерпаздарымен қоса, Ұлытау ауданы мен Весовая елді-мекенінің де оқушылары қатысты.

Байқауды өнер мектебінің директоры Роман Степанович Бурда құттықтау сөзімен ашып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұдан кейін домбыра мен ән сыныбының оқушысы, іс-шара жүргізушісі Ақжол Найзабаев сайыскерлерді кезекпен кезек сахна төріне шақырып отырды. Барлығы 88 оқушы бақ сынасқан сайысты әділқазылар алқасы «орындаушылық шеберлігі», «сахналық мәдениеті», «киім сәні» секілді шарттар бойынша бағалады.

Жас ерекшеліктеріне байланысты байқау жоғарғы, ортаңғы және кіші топ болып үшке бөлінді. Алғашқы болып өз өнерлерін кіші топтың оқушылары көрсетті. Олар әр түрлі музыкалық аспаптарда қазақ халқының әндері мен атақты күйшілердің күйлерін орындады. Мәселен, Мадина Қазыкен қылқобызбен халық әні «Илигайды» орындаса, Арина Григорян есімді кішкентай қатысушы флейтада «Қамажайды» ойнады. Сондай-ақ, байқау барысында барлық үш топтың оқушылары домбыра, гитара, баян, саз-сырнай және жетіген секілді аспаптарды да қолданып, арнайы дайындаған бір нөмірлерін асқан шеберлікпен орындап шықты. Ал байқауды тамашалауға келген көрермендер болса, өз тарапынан ыстық ықылас танытып, дарынды жастардың өнеріне тәнті болды.

Қорытындысында, қазылар алқасы келесідей шешім қабылдады: 14 оқушы ІІІ орынды, 23 оқушы ІІ орынды және 45 оқушы І орынды иеленді. Тағы 5 оқушы – Аяулым Нұртай, Айзада Ахметова, Шыңғыс Зкырья (Сәтбаев қаласы), Кәусар Әбдухамит (Ұлытау ауданы), Мөлдір Тахтанова (Жезқазған қаласы) – бас жүлдені жеңіп алды. Барлық жүзден жүйрік атанған жеңімпаздарға І,ІІ,ІІІ дәрежелі Дипломдар табыс етілді.

Осылайша, жас ұрпақтың өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып, бір бірімен достық қарым-қатынасты орнатып, сонымен қатар, халық мұрасын қастерлеуге баулыған өнер додасы жоғары деңгейде өткізілді.

Марал Шахаева. Суреттерді түсірген автор.

Комментарии закрыты.