Балабақшадағы семинар

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды» деген болатын. Сондықтан, қазіргі кезде мектептерден, тіпті балабақшадан бастап үш тілді білім беру мәселесі қолға алынды.

Осыған байланысты, өткен аптада Сәтбаев қаласының №5 «Нұрбөбек» бөбекжай балабақшасында «Үштұғырлы тіл – заман талабы» тақырыбында облыстық семинар өтті. Оған Қарағанды облысының барлық аймақтарынан, атап айтсақ, Жезқазған, Балқаш, Абай, Шахтинск, Приозерск, Қарағанды қалаларынан, Ұлытау, Шет, Бұқар жырау, Осакаровка аудандарынан және Жезді кентінен әдіскерлер, мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің басшылары мен тәрбиешілері қатысты.

Семинарды «Нұрбөбек» балабақшасының директоры Жамалқия Жаппасова құттықтау сөзімен ашып, келген қонақтарға балабақша жайында мағлұмат берді. Одан әрі облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Алмагүл Бугубаева сөз кезегін алып, осындай семинарлар өткізудің маңыздылығына тоқталды.

Елбасының үштұғырлы тіл саясаты аясында басқа тілдерді үйрену, оның қолданыс аясын кеңейту бүгінгі таңда өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сондықтан, қазіргі уақытта балабақшадан бастап үш тілді меңгертуге, жаңа оқыту әдістерін енгізуге үлкен көңіл бөлінуде. Әсіресе, ағылшын тілін ерте жастан оқытудың тигізер әсері мол. Себебі, балалар бұл кезде өзге тілді тез қабылдап, еркін меңгеріп алады. Осы орайда мұғалімдер мен тәрбиешілердің балаларды оқытуда атқарар еңбегі зор. Бүгін біз «Нұрбөбек» балабақшасының ұжымы дайындаған оқу іс-әрекеттерін тамашалап, тәжірибе алмасамыз. Осындай іс-шара сәуір айының соңында Шахтинск қаласының «Салтанат» балабақшасында да өтеді. Бұл семинарлардан сіздер мол тәжірибе жинақтап, соны болашақта өз сабақтарыңызда қолданады деген сенімдеміз, – деді Алмагүл Данияровна.

Әрі қарай балабақша әдіскері Жанар Күнпеисова презентация жасап, үш тілді оқытудың тиімді жақтары туралы айтты. Осыдан соң жиналғандар тәрбиешілер ұйымдастырған әр түрлі тақырыптардағы оқу іс-әрекеттерін тамашалады. Алғашқы болып қазақ тілінің маманы Бақыт Манасбаева ортаңғы «Радуга» тобымен бірге «Менің сүйікті қалам – Сәтбаев» атты сабағын көрсетті. Мұнда кішкентай тәрбиеленушілер қонақтарды қаланың көрікті жерлерімен таныстырып, туған қалаларына тақпақ-өлеңдерін арнады. Келесі болып түрлі мамандықтар тақырыбындағы сабағын орыс тілінің маманы Айгүл Курикова өткізіп, оған ортаңғы «Гүлдер» тобының тәрбиеленушілері қатысты. Сондай-ақ, ағылшын тілінің маманы Ақмаржан Тоқтамысова көрермендер назарына «Біз әлемді сүйеміз» деп аталатын оқу іс-әрекетін ұсынды. Ойын түрінде қызықты өткен бұл сабақта ересек «Құлыншақ» тобының тәрбиеленушілері ағылшын тілінде сұрақтарға жауап беріп, ерекше белсенділіктерін танытты.

Сонымен қатар, семинар барысында тіл мамандары дайындаған «Қазақтың мақтанышы» атты ертегі, «Заманауи көптілділік білім беру» шебер-сыныбы, «Мен әлемдемін және әлем менде» тақырыбындағы тренинг, «Мәңгілік ел» композициясы және іс-шараның соңында «Көктем гүлдері» атты рефлексия ұйымдастырылды.

Жалпы, қорытындылайтын болсақ, бүгінгі семинарда «Нұрбөбек» балабақшасының тәрбиеленушілері қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өз ойларын еркін жеткізіп, бір-бірімен дұрыс қарым-қатынас орната алатындықтары арқылы көптілді үйренудегі жеткен жетістіктерін көрдік. Осылайша, балабақшадан бастап үш тілді білім алуға бейімделген бала болашақта оларды кәсіби деңгейде меңгеріп, бәсекеге қабілетті, жан-жақты білімді маманға айналатыны сөзсіз.

Марал Шахаева.

Комментарии закрыты.